Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Физика, математика және цифрлық технологиялар факультеті Математика кафедрасының ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күніне арналған «Republic IQ: Тарих. Заң. Логика» атты зияткерлік сайыс өтті.

                                                                          

Шараның салтанатты ашылуында факультеттің аға эдвайзері Ақмарал Айдарбекова мен Математика кафедрасының меңгерушісі Динара Жанузакова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

                                                                                

Командалық форматта өткен тартысты бәйгеге факультет студенттерінен құралған 6 топ қатысты. Сайлап алынған әділқазылар алқасының бағалауымен өткен сайыс төрт кезеңді қамтыды: «Білім бәйгесі» кезеңінде қатысушылар Қазақстан тарихы, Конституция және логика бойынша тест сұрақтарына жауап берсе, «Зияткерлік таңдау» бөлімінде әртүрлі күрделілік деңгейіндегі ұяшықтарды таңдап бақ сынасты.

                                                                                

 Ал «Тарихи код» және «Ой сандық» кезеңдерінде студенттер математикалық есептерді шешу арқылы айтулы даталарды анықтап, математика тарихына қатысты мәтіндер негізінде ақпаратты талдау мен логикалық ойлау қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.

                                                                                

Сайыс қорытындысы бойынша белгіленген бағалау критерийлері мен жинақталған ұпайлар негізінде жеңімпаздар анықталды. Зияткерлік шара студенттердің тарихи-құқықтық білімін шыңдауға, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және командалық жұмысты нығайтуға бағытталды.