Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 25 қазан – Республика күніне орай «Жаңаша Қазақстан жаңаша көзқараста» атты студенттер арасында сурет байқауы өтті.

Шығармашылық сайыс білім алушылардың эстетикалық талғамын дамыту, бейнелеу өнері арқылы отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың ел дамуына деген азаматтық көзқарасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Байқауға Кәсіптік білім кафедрасының 1-курс студенттері қатысып, әртүрлі көркемдік техникада орындалған жеке шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Қатысушылар өз туындыларында заманауи Қазақстанның келбетін, елдің даму бағыттарын, ұлттық мәдени мұра мен дәстүр сабақтастығын, тәуелсіздік құндылықтарын және жас ұрпақтың жарқын болашақ туралы идеяларын бейнеледі.

Факультет оқытушылары мен сала мамандарынан құралған қазылар алқасы ұсынылған туындыларды тақырыпқа сәйкестігі, авторлық дербестігі, көркемдік орындалу сапасы, эстетикалық нормалары және безендірілу талаптары бойынша саралап, жеңімпаздарды I, II, III дәрежелі дипломдармен және арнайы номинациялар бойынша алғыс хаттармен марапаттады.





