Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Хореографиялық пәндерді оқытудың заманауи әдістері» атты республикалық біліктілікті арттыру курсының салтанатты ашылуы өтті.

27 қазан мен 6 қараша аралығында өтетін курс хореография пәндері педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, білім беру сапасын арттыруға және ұлттық әрі әлемдік би өнерінің озық тәжірибелерін оқу үдерісіне енгізуге бағытталған.

Бағдарлама аясында қазақ биі, халық-сахналық би, заманауи және үнді биі бойынша теориялық-практикалық сабақтар мен шеберлік дәрістері өткізіледі.

Курсқа дәріс оқуға және практикалық сабақтар өткізуге хореография саласының білікті мамандары мен танымал өнер қайраткерлері шақырылды. Олардың қатарында Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі, өнертану кандидаты Тойған Ізім; академия профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану доценті Алила Алишева; академияның аға оқытушысы, «Мәдениет саласының үздігі», өнертану магистрі Диана Агзамова; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнер магистрі Ақмарал Қайназарова және өнертану магистрі, академия докторанты Гауһар Исмагулова бар.

Өңірлерден қатысып отырған педагогтер үшін курс кәсіби шеберлікті шыңдауға, оқытудың заманауи әдістерін меңгеруге және ұлттық би өнерінің дәстүрлерін сақтай отырып, оны оқыту тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

