Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева Қытай Халық Республикасының Нанкин қаласында 27–29 қазан аралығында өтіп жатқан 2026 Asia Hub & CIAERA Annual Meeting жыл сайынғы халықаралық кездесуіне қатысуда.

Michigan State University (АҚШ) мен Nanjing Agricultural University (Қытай) бірлесіп ұйымдастырған халықаралық басқосу білім беру жүйесінің орнықтылығын дамытуға (Education System Resilience) арналған.

Бұл бағыт Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсатындағы 4-мақсат – «Сапалы білім берумен» тығыз байланысты. Ол педагогикалық білім беруді жетілдіру, білім беру жүйесінің өзгерістерге бейімделу қабілетін арттыру және болашақ педагогтерді заманауи сын-қатерлерге даярлау мәселелерін қамтиды.

Кездесу аясында QS World University Rankings by Subject 2026 рейтингінде «Білім беру» бағыты бойынша әлемде 13-орын алған Michigan State University-мен стратегиялық әріптестікті нығайтуға баса назар аударылуда.

Сондай-ақ Азия университеттері мен ғылыми-зерттеу топтарын біріктіретін Asia Hub платформасы аясындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және академиялық байланыстарды дамыту мәселелері талқылануда. Бағдарлама пленарлық отырыстарды, зерттеу топтарының нәтижелерін талқылауды және 2027 жылға арналған ынтымақтастық жоспарларын пысықтауды қамтиды.
Халықаралық кездесу QyzPU-дың ғылыми байланыстарын кеңейтуге, халықаралық зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктерін арттыруға және педагогикалық білім беру сапасын жетілдіруге жол ашады.
