Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде әкімшілік-басқару құрамының кәсіби құзыреттерін арттыру, басқарушылық дағдылары мен көшбасшылық әлеуетін дамыту және командалық жұмыстың тиімділігін жетілдіру мақсатында «Басқару командасы үшін көшбасшылықты дамыту» тақырыбында оқыту курсы ұйымдастырылды.

Бағдарламаға университет басшылығы, құрылымдық бөлім басшылары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысуда. Бастама басқару мәдениетін жетілдіруге, стратегиялық ойлау дағдыларын дамытуға және заманауи менеджмент тәсілдерін жұмыс үдерісіне енгізуге бағытталған.

Курсты KAZMEDIA HOLDING LLP директоры Нұрдаулет Шаренов жүргізуде. Оқыту барысында қатысушылар интерактивті жаттығулар мен психологиялық тренингтер арқылы стратегиялық көшбасшылық, заманауи менеджмент және өзгерістерді басқару бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді.

«Бұл оқыту бағдарламасы басқарушылардың әлеуетін арттырып қана қоймай, командалық жұмыстың тиімділігін көтеруге және заманауи менеджмент құралдарын күнделікті жұмыс үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Нұрдаулет Шаренов.
Бағдарлама аясында қатысушыларға стратегиялық көшбасшылық, цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні басқаруда қолдану және команданы дамыту сияқты 42 негізгі бағытты қамтитын Harvard Business Impact және Harvard ManageMentor платформаларына 12 айлық қолжетімділік берілді.
Сонымен қатар HBR Spark жасанды интеллект көмекшісі арқылы кәсіби мәселелер бойынша жекелендірілген ұсынымдар алу мүмкіндігі қарастырылған.
Оқыту бағдарламасы аясында сертификатталған тренер-фасилитатордың қатысуымен тоқсан сайын онлайн-сессиялар өткізу жоспарланған.
