Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Әбіров әлемі» жобасы аясында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі, профессор Тойған Оспанқызы Ізімнің 75 жылдық мерейтойына арналған «Көпмәдениетті қоғамдағы өнер: дәстүрлер мен инновациялар» атты V халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Хореография және арт-менеджмент кафедрасы ұйымдастырған конференцияның мақсаты – ұлттық би өнерінің мұрасын дәріптеу, көрнекті өнер қайраткерінің шығармашылық және педагогикалық жолын насихаттау, сондай-ақ ғылыми тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстарды нығайту.

Конференцияның ашылуында университеттің әлеуметтік даму және студенттік істер жөніндегі проректоры Думан Жекенов құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми жиынның маңыздылығын атап өтті.
Басқосу барысында өнертану, хореография, мәдениеттану және педагогика салаларының мамандары профессор Тойған Ізімнің ұстаздық қызметін, ұлттық би өнерін дамытуға қосқан үлесін және қазақ хореографиясының өзекті мәселелерін талқылады.

Конференцияда «Құрмет» орденінің иегері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Галина Жұмабекқызы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Әлила Тұрсынбаеваның баяндамалары ұсынылды. Сонымен қатар «Мәдениет саласының үздігі», «Алтынай» ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекзат Ағияр, профессор Әлия Бақытжанова, өнертану магистрі, докторант Гауһар Сайлауқызы, QyzPU қауымдастырылған профессоры Роза Болысовна және өнертану магистрі, докторант Мадина Рахимжанқызы ұлттық хореографияның дамуы мен өзекті мәселелеріне қатысты зерттеулерін таныстырды.
Ғылыми жиын соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Конференция профессор Тойған Ізімнің 75 жылдығына арналған «Өнер мен ғылым тоғысқан ғұмыр» атты салтанатты мерейтойлық концертпен жалғасты. Сахнада «Алтынай», «Салтанат», «Жасын», «Тұмар» би ансамбльдері мен «QyzQ» акапелла тобы өнер көрсетті. Әріптестері мен шәкірттері мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.
