Ташкент қаласында өткен Орталық Азияның халықаралық білім беру форумы (CAIEF 2026) аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова Өзбекстанның жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар меморандумдарға қол қойды.

Атап айтқанда, QyzPU мен А. Қадыри атындағы Жиззах мемлекеттік педагогикалық университеті (ректоры – ғылым докторы (DSc), профессор Юлдашев Максуджон Абдуллаевич), Бұхара мемлекеттік педагогикалық институты (ректоры – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мамуров Баходир Бахшуллоевич) және Denov кәсіпкерлік және педагогика институты (ректоры – экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Рузиев Ойбек Абдимуминович) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.

Келісімдер педагогика, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру салаларындағы заманауи әдістемелерді дамыту, студенттер, магистранттар, докторанттар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейту, инклюзивті білім беру және арнайы педагогика бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру, халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және ортақ ғылыми жарияланымдар әзірлеуді қамтиды.

Форум барысында Әндіжан мемлекеттік педагогикалық институты, Навои мемлекеттік тау-кен және технологиялар университеті профессорларымен және басқа да шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдерімен екіжақты кездесулер өтті. Тараптар PhD докторанттар мен магистранттарға арналған ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру, педагогикалық және жаратылыстану ғылымдары бағыттарында бірлескен зерттеулер жүргізу, қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ оқу үдерісіне заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін талқылады.
Бейбіткүл Кәрімова қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызын атап өтіп, олардың университеттің халықаралық ғылыми-академиялық байланыстарын нығайтуға және білім беру сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

