Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде «Парасат алаңы: білім, өнер және ұлттық сана» апталығы аясында «Хореография» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған халықаралық шеберлік сабақтары өтті.

Іс-шара екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық меморандумы негізінде ұйымдастырылды. Осы орайда Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының профессоры Эркина Якубовна Саитова «Сурхандария би мектебінің ерекшеліктері: қол мен аяқтың дәстүрлі қалыптары» тақырыбында дәріс оқып, практикалық сабақ өткізді.
Практикалық сабақтар барысында студенттер өзбек халық биінің Сурхандария мектебіне тән қимыл-қозғалыс мәнерімен, би пластикасымен және ұлттық орындаушылық стильдің ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар осы би мектебіне тән дәстүрлі қимылдарды орындау тәсілдерін меңгерді.
Аталған бастама студенттердің кәсіби шеберлігін арттыруға, ұлттық хореография саласындағы білімін тереңдетуге, сондай-ақ екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық академиялық және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
