Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Кәсіби білім беру кафедрасы «Парасат» апталығы аясында студенттердің қатысуымен «ЭкоАРТ: табиғат бейнесі және «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, табиғатты қорғау құндылықтарын насихаттау және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Акция барысында студенттер Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтың аумағын тазалап, қоқыстарды жинап, күзгі жапырақтарды ретке келтірді. Осылайша, жастар қоғамдық кеңістіктің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.

Шараның шығармашылық бөлімінде екінші курс студенттері ашық аспан астында пленэр ұйымдастырып, күзгі табиғат көріністерін бейнеледі. Болашақ мамандар кескіндеме тілі арқылы күз мезгілінің қайталанбас бояуын, табиғаттың сұлулығы мен үйлесімін өз туындыларына арқау етті.

«ЭкоАРТ» акциясы экологиялық тәрбие мен көркемдік білімді ұштастырып, табиғатқа жанашырлық пен тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңызын көрсетті. Сонымен қатар студенттер қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін іс жүзінде сезініп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының құндылықтарын дәріптеді.
