Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Химия кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, PhD Тұрсын Жанар Илиясқызы жетекшілік ететін зерттеу тобы Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған ғылыми-инновациялық жобалар байқауында жеңімпаз атанып, грант иеленді.

                                                                          

Перспективалы ғылыми әзірлемелерді қолдауға және оларды өндіріске енгізуге бағытталған байқауға биыл 221 өтінім түскен. Сараптау қорытындысы бойынша олардың ішінен 23 жоба финалға жолдама алған.

Зерттеу тобы ұсынған «CLEAN AIR: Автокөлік газдарын тазартуға арналған марганец негізді үштік нанокомпозиттер технологиясы» жобасы мегаполистің экологиялық ахуалын жақсартуға, атап айтқанда, атмосфералық ауаның сапасын арттыруға бағытталған.

Жоба аясында ескі автокөліктерге арналған марганец негізіндегі ауыстырмалы сүзгі-катализаторларды қолдану арқылы атмосфераға бөлінетін зиянды шығарындыларды азайту көзделген. Қызмет ету мерзімі аяқталған кезде оңай алмастырылатын модульдік картридждерге негізделген технологияны алдағы уақытта өндірістік серіктестермен бірлесіп пилоттық сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

                                                                          

Ғылыми бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 9-мақсаты – «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым», 11-мақсаты – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» және 13-мақсаты – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» бағыттарымен үндеседі. Жоба отандық жасыл технологияларды дамытуға және қалалардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуды көздейді.

Жанар Илиясқызын және зерттеу тобын ғылыми жетістігімен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына табыс тілейміз!