АЛМАТЫ. 4 наурыз. Баспасөз орталығы – Халықаралық әйелдер күніне орай QyzPU-да «Көктем аруы» байқауы ұйымдастырылды. Сұлулар сайысында 14 бойжеткен бақтарын сынады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің АКТ залында Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты, Кәсіптік білім кафедрасының ұйымдастыруымен 8 - наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Көктем ару 2022» атты байқау өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты қыздарды халқымыздың ізгі қасиеттері: имандылық, инабаттылық, ізеттілік, ісмерлікке және парасатты, жан – жақты білімді болуға, әсемдік, сұлулық әлемін түсінуге тәрбиелеу. Табиғат сыйлаған сұлулық қасиеттерінің ашылуына көмектесу.

Байқауға дайындық барысында бойжеткендер түрлі мәдени бағдарламаларға қатысып, сән агенттіктерінде өз шеберліктерін арттырған. Сондай-ақ қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі бағытындағы тың деректермен танысып, білімдері мен біліктілігін арттыруға арналған арнайы шараларға атсалысты.

Байқау өзін-өзі таныстыру, дарындар байқауы, танымдық деңгейін артыруға арналған бейне сұрақ, ұлттық киімді киіп, сахнада жүру, сахналық көрініс  сияқты кезеңдер бойынша ұйымдастырылды.

– Сайыста қыздар өздерін таныстырып, өресінің биіктігін танытуға ұмтылды. Артынша шығармашылық шеберліктерін сынатты. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Таңдаған салалары да әр алуан. Десе де шама-шарқынша өз өнерлерін паш етті. Жарыста ой ұшқырлығы сыналып, білім деңгейлері тексерілді. Қыздарға қойылған сауалдарға жан-жақты, дәлірек айтқанда сауатты жауап беру талап етілді. Сәнқойлық сынаққа да өріс ашылды. Бұл кезеңде отандық дизайнерлердің қолынан шыққан сәнді көйлек үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Сыртқы сымбат сыналып, сахнадағы жүріс-тұрысқа да мән берілетін тур осы, – дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

Назарларыңызға сайыс нәтижесінде анықталған жеңімпаздар тізімін ұсынамыз:

Бас  жүлде – Ақтаубек  Інжумаржан Ақтаубекқызы, «Мектепке  дейінгі  оқыту және  тәрбиелеу»  мамандығының 1 курс  студенті,  Педагогика және  психология  институты;

І орын  – Омаржан Сабина  Ерболқызы, Әлеуметтік – гуманитарлық  ғылымдар және  өнер институты,  «Мәдени-тынығу  жұмысы»  мамандығының  1 курс  студенті;

ІІ орын – Нүсіпалы  Марал Азаматқызы, Әлеуметтік – гуманитарлық ғылымдар және  өнер институты,  «Хореография» мамандығының  2 курс  студенті;

ІІІ орын – Қалмақан Сырғалым Ерланқызы, Жаратылыстану институтының «Биология»  мамандығының 1 курс студенті.

Қалған қатысушылар «Өнерлі  ару»,  «Инабатты  ару», «Зерделі  ару», «Сымбатты  ару»,  «Кербез ару», «Көрермен  көзайымы», «Бұрымды ару» номинацияларымен және алғыс  хаттармен  марапатталды.

МЕДИА

  Коммуникация және маркетинг департаменті

  Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

  e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz