Құрметті студенттер! Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Томирис» би ансамблінің 25 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтеді.
Кештің мақсаты – ұлттық би өнерін дәріптеу, «Томирис» ансамблінің шығармашылық жетістіктерін таныстыру және жас таланттарды қолдау.
Іс-шараға арнайы қонақтар ретінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Галина Қарамолдаева, педагог-хореограф, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ғайникамал Нығметжанқызы Бейсенова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Мақешқызы Әбдиева, сондай-ақ ҚР мәдениет саласының үздігі Бану Дүйсебайқызы Тұрғымбаева, «Салтанат» Қазақстан Республикасының мемлекеттік би ансамблі мен ҚР фольклорлық мемлекеттік би ансамблі арнайы қонақ ретінде шақырылды.
«Томирис» би ансамблі – терең тарихы бар өнер ұжымы. Ол 1990-жылдардың ортасында вокалды-би тобы ретінде құрылып, Венгрия, Польша, Чехословакия елдерінде өнер көрсетіп, халықаралық тәжірибе жинақтаған. 2000 жылы профессор С.Ж. Пірәлиевтің бастамасымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Өнер және мәдениет факультеті жанындағы «Хореография» кафедрасы негізінде ансамбль дербес шығармашылық ұжымға айналды.
Өтетін күні:29 сәуір, 2026 жыл
Мекенжайы: Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, Шұғыла шағынауданы, 347/4
