• Кафедра туралы

    Физика кафедрасы Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университетінде алғашқы болып ашылған кафедралардың бірі. 80 жылдық тарихы бар Физика кафедрасында жоғары білікті, тәжірибелі профессор-оқытушылар қызмет етеді. Физика кафедрасы ұжымы «ұлттың тәрбиенің болашақ шырақшылары» болған аруларымызға, сапалы білім беріп, ғылымға баулыумен ғана шектелмейді. Ұлтымызға тән дәстүрлі тәрбиемен қатар, білім алушыларымызға инновациялық білімді, жан-жақты тұлға, үздіксіз ізденіп дамуға ұмтылатын еліміздің патриоттарын, мемлекеттің алға жылжуына ықпал ететін азаматтардың қалыптасуына барлық жағдайды жасап отыр. Кафедрада А.Қ. Ершина, Г.И. Салғараева, А.М. Татенов, Г.Т.Түгелбаева, Н.Д.Заурбекова, Н.А.Сандибаева, Г.Ә.Қаптағай, Дәлелханқызы Анар сынды ғалым-профессорлар табысты еңбек етіп, білім алушыларды ғылымға баулып, ғылыми жұмыстарға жетекшілік етіп келеді.

    Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысы «Физиканың заманауи зерттеу бағыттары» тақырыбы аясында жүргізіледі. Кафедрада профессор А.Татеновтың басшылығымен « ПӘК арттыру үшін екінші реттік ЭҚК алу, 3 фазалы электр генераторларының айналу кезіндегі индуктивті токтың магнит өрісінің тежегіш әсерін зерттеу», «Ферромагниттік материалдардағы физикалық процестердің параметрлерін модельдеу» тақырыптары бойынша ғылыми зерттеу бағыты аясында жоба жұмыстары жүргізілуде. PhD, аға оқытушы Г.Ә. Қаптағай «Ауыспалы металл негізінде 2D-пленкалардың жаңа мультифункционалді vdW құрылымдарын жасау және зерттеу» тақырыбындағы ҚРЖБҒМ қаржыландыруындағы ғылыми жобасымен айналысады.

    Кафедра ПОҚ Ресейде, Қазан Федеральды университетінде, Бельгияда Біліктілікті арттыру орталықтарында,, Ұлыбритания, Кембридж университеті, Кавендиш зертханасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымнамадан өтіп, білім алып келуде. Сонымен бірге кафедра ұжымы бірқатар қазақстандық және шетелдік ЖОО, Ғылыми зерттеу институттарымен ынтымақтастық келісімшарт аясында бірқатар зерттеулер жүргізуде. Кафедра мектеп оқушыларымен де тығыз байланыста. № 109, № 43 мектептер кафедраның филиал мектептері ретінде білім беру барысында көптеген шараларды ұйымдастыруда. Жыл сайын 11 сынып оқушыларына арналған «БІЛІМ ШЫҢЫ» Республикалық физика, математика және информатика пәндерінен олимпиадалар өткізеді. Олимпиада жеңімпаздары ЖОО тегін оқуға түсе алады. Кафедра білім алушылары академиялық бағдарламаны игере отырып, сабақтан тыс уақыттарында университет ұйымдастыратын ғылым, өнер, спорт бағытындағы барлық іс-шараларға белсенді қатысады. Сонымен қатар кафедра білім алушылары физика саласында, пәнаралық салаларда ғылыми бағыттағы стартап жобаларға, әр түрлі студенттік конкурстарға, дебат сайыстарына, пәндік олимпиадаларға, шет тілдерін меңгеру-дамыту курстарына, кәсіпкерлік курстарға, оқу-әдістемелік тұрғыдан жан-жақты дамытуға бағытталған іс-шараларға белсенді қатысады.   

    Физика кафедрасына қарасты механика, электр және магнетизм, молекулалық физика және термодинамика, атом және ядролық физика, микроэлектроника, физиканы оқыту әдістемесі, астрономия зертханаларында студенттер дәріс пен тәжірибелік сабақтарында алған теориялық білімдерін шыңдап, практикалық түрде жүзеге асырып, зертханалық жұмыстарды жасайды. Кафедраның профессор-оқытушыларының, магистранттар мен докторанттардың диссертациялық жұмыстарының ғылыми-зерттеулерін жүргізу мақсатында «Физика-техникалық ғылыми зерттеулер» зертханасы ашылды.  Кафедра профессор-оқытушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары мен элективті пәндер бойынша «Баламалы энергия көздері» зертханасы оқу үдерісіне оңтайлы кіріктірілген. «Планетарий» зертханасы кішігірім обсерватория моделі ретінде аспан әлемін көрсетеді. «Smart Physics» ғылыми жобалық үйірме жұмыстары ғылым мен техника жаңалықтарына орай жүргізіледі. Үйірме студенттердің білімге, ғылымға қызығушылығын туғызу, Әлемдік көзқарасын қалыптастыру, ғылыми-техникалық жаңалықтарды игеру, заманауи дамуды қадағалау, жаһандық өзгерістерді еліміздің дамуына қолдану сынды міндеттерді алға қояды.

    Физика кафедрасының алғашқы меңгерушісі М.З.Жылқыбаев 1945 жылдан қызмет істеді. Сондай-ақ, кафедра меңгерушілері қызметін: Ф.Полатбеков, С.Мұхтаров, Ә.Жаналинова, Ұ.Жадраев, Ғ.Егізбаева, Ә.Ақылбеков атқарды. Кафедраға 1992-2007 жылдары т.ғ.д., профессор А.Жамалов, 2007-2011 жылдары ф.-м.ғ.д. профессор А.К.Ершина,  2011-2015 жылдар аралығында ф.-м.ғ.к., доцент Ө. Парманбеков, 2015-2018 жылдары ф.-м.ғ.к., доцент Е.Тасболат, 2018 жылдан бастап PhD, аға оқытушы Г. Қаптағай жетекшілік етті. 2019-2021 жыл қыркүйек айына дейін Физика кафедрасының меңгерушісі болып PhD Т.Р.Мырзақұл қызмет атқарды. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап, Физика кафедрасының бағдарламалық көшбасшысы лауазымында қауымдастрылған профессор м.а., ғылым кандидаты Сандибаева Назира Абдикадировна қызмет атқарып келеді.

    Физика кафедрасы 6В01504 Физика, 6В01505 Физика-информатика, 6В05302 Физика, 7М01502 Физика, 7М05301 Физика, 8D01501Физика, 8D05302 Физика білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлап келеді. Кафедрада аталған білім беру бағдарламалары бойынша 567 студент, 54 магистрант, 6 докторанттар, барлығы  627 білім алушы білім алады.

    Қадрлық құрам

    Жүктеу...