• Кафедра туралы

    География кафедрасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірге қалыптасып, 80 жылдан астам уақыт бойы білім мен ғылымның дамуына үлес қосып келе жатқан іргелі кафедралардың бірі.

    Кафедра құрылған күннен бастап республика мектептері үшін бірнеше мың география мұғалімін даярлады. Бүгінде оның түлектері Қазақстанның барлық өңіріндегі білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерде, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қытай және Моңғолияда табысты еңбек етуде.

    Кафедраның негізгі қызметі географиялық білім беру, ғылыми зерттеу және туризм салалары үшін кәсіби білімі терең, бәсекеге қабілетті әрі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған. Оқу үдерісі физикалық және әлеуметтік-экономикалық география, географияны оқыту әдістемесі, геоақпараттық жүйелер және туризм бағыттарындағы теориялық әрі практикалық сабақтарды қамтиды.

    Кафедра тарихы

    Кафедраның қалыптасуы мен дамуына әр жылдары белгілі ғалымдар мен тәжірибелі педагогтер жетекшілік етті:

    • Нұғман Баяндин 1945-1948;
    • А. Г. Поползин 1955-1960;
    • Ә. Б. Бірмағамбетов 1960-1961, 1968-1979, 1989-1996;
    • Р. Машанова 1961-1965;
    • К. Ахметов 1979-1984;
    • А. К. Ахмедова 1984-1989;
    • Н. Н. Карменова 1996-2001;
    • С. Қ. Қасенов 2004-2009;
    • Д. Үркінбаева 2009-2012;
    • К. Н. Мамирова 2012-2019;
    • Ш.У. Лайсханов 2019-2020;
    • Е. А. Тулегенов 2020 жылдан бастап кафедра меңгерушісі.

    Кафедра тарихы - ұлағатты ұстаздардың тәжірибесі, ғалымдардың ізденісі және студент жастардың білімге деген құштарлығы тоғысқан тағылымды жол.

    Білім беру бағдарламалары

    Кафедра бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде мамандар даярлайды.

    Бакалавриат:

    • 6В01510 – География;
    • 6В01511 – География–Тарих;
    • 6В11101 – Туризм.

    Магистратура:

    • 7М01506 – География.

    Докторантура:

    • 8D01506 –География.

    Білім беру бағдарламалары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 2020 жылғы 4 тамызда берген № KZ75LAA00018542 лицензия негізінде жүзеге асырылады.

    Бакалавриат бағдарламалары білім алушылардың тұлғалық, жалпы мәдени және кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған. Түлектер білімін 7М01506 - География магистратурасында және 8D01506 -География докторантурасында жалғастыра алады.

    Түлектердің кәсіби мүмкіндіктері

    «География», «География–Тарих» бағдарламаларының түлектері:

    • жалпы білім беретін мектептерде, гимназиялар мен лицейлерде;
    • педагогикалық колледждерде және кәсіптік білім беру ұйымдарында;
    • жоғары оқу орындары мен білім беру орталықтарында;
    • білім басқармалары мен бөлімдерінде;
    • ғылыми-зерттеу және ғылыми-өндірістік мекемелерде қызмет атқара алады.

    «Туризм» бағдарламасының түлектері туристік агенттіктерде, туроператорлық компанияларда, қонақ үй бизнесінде, әуе билеттерін брондау ұйымдарында, экскурсиялық бюроларда, колледждер мен жоғары оқу орындарында жұмыс істей алады.

    Кафедра ұжымында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері К. Н. Мамирова және «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері

    Е. А. Тулегенов,Б. Ш. Қалиев, Э.Қ.Қуандықова еңбек етеді.

    Ғылыми-зерттеу қызметі

    Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмыстары екі негізгі бағытта жүргізіледі:

    1. Жалпы білім беретін мектептің жаңартылған бағдарламасына сәйкес географиялық білім берудің мазмұны мен әдістерін жетілдірудің ғылыми-әдістемелік негіздері.
    2. Қазақстанның табиғи-антропогендік геожүйелерін ұтымды пайдалану мен қорғаудың ғылыми-теориялық және қолданбалы негіздері.

    Бірінші бағыт аясында мектеп географиясын оқытудың мазмұны, қағидаттары, әдістері, тәсілдері мен құралдары зерттеледі. Зерттеу нәтижелері оқулықтарда, оқу-әдістемелік құралдарда және ғылыми мақалаларда жарияланып, оқушылардың пәндік құзыреттерін қалыптастыруға арналған ұсынымдар әзірленеді.

    Екінші бағыт бойынша табиғи және антропогендік геожүйелердің тұрақты дамуы, өзгеру динамикасы, оларды тиімді пайдалану мен қорғау мәселелері қарастырылады. Зерттеу қорытындылары ғылыми мақалалар мен конференциялық баяндамалар түрінде ұсынылады.

    Кафедра оқытушылары халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, зерттеу нәтижелерін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған басылымдарда, сондай-ақ Scopus және Web of Science дерекқорларына енетін журналдарда жариялайды. Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер «География және табиғат», «Қазақстан мектебі», «География, биология, экология орта мектепте», «География в школах и вузах Казахстана» сияқты ғылыми-әдістемелік журналдармен шығармашылық байланыс орнатқан.

    К.Н. Мамирова Қазақстан, Ресей және Түркиядағы бірқатар ғылыми журналдың редакциялық алқасына мүше. Н.Н. Карменова - «География және табиғат» журналының ғылыми кеңесшісі, ал Е.А. Тулегенов аталған басылымның ақылдастар кеңесінің мүшесі.

    Студенттік ғылым

    Кафедрада «Көкжиек» студенттік ғылыми үйірмесі жұмыс істейді. Үйірме мүшелері ғылыми зерттеу жүргізу, мақала мен жоба дайындау, олимпиадалық тапсырмаларды орындау, зерттеу нәтижелерін рәсімдеу және көпшілік алдында таныстыру дағдыларын меңгереді.

    «QYZPU TOUR» ұйымы

    Университетімізде туризмді дамыту, патриоттық құндылықтарды дәріптеу және табиғатты танып-білу мақсатында «QYZPU TOUR» ұйымы жұмыс істейді. Ұйым студенттердің белсенді демалысын ұйымдастырып, туристік дағдыларын жетілдіруге және туған жердің табиғи-мәдени мұрасын тереңірек тануына мүмкіндік береді.

    Халықаралық және академиялық ынтымақтастық

    Кафедра білім алушылардың академиялық ұтқырлық аясын арттыру және ғылыми тағылымдамалар жүзеге асыру үшін төмендегі шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық келісімді меморандум орнатқан:

    • Гази университеті, Түркия
    • Невшехир Хаджи Бекташи Вели университеті, Түркия
    • Нийде Омер Халисдемир университеті, Түркия 
    • Карабюк университеті, Түркия
    • Ақдениз университеті, Түркия
    • Кусеин Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті
    • Садриддин Айни атындағы Тәжік мемлекеттік педагогикалық университеті
    • Венгрия ауыл шаруашылығы және әлеуметтік ғылымдары университеті
    • М.Ұлықбек атындағы Ұлттық Университеті, Өзбекстан

    Дуалды оқыту және кәсіби практика

    Кафедра университетте дуалды білім беру элементтерін енгізуге бастамашы болды. Қазақ спорт және туризм академиясымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында 6В11101 – Туризм бағдарламасының студенттері «Туризмнің белсенді түрлерінің техникасы мен тактикасы» пәні бойынша практикалық сабақтарды академия базасында өтеді.

    Педагогикалық практика - болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлаудың маңызды бөлігі. «География» және «География-Тарих» бағдарламаларының студенттері келісімшарт негізінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде (химия-биология бағыты), «Заман» элиталық мектебінде, Ш. Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепте, Ш. Смаханұлы атындағы № 62 мектеп-гимназиясында, № 176 мектеп-гимназиясында және № 95 жалпы білім беретін мектепте практикадан өтеді.

    Оқу-далалық практика

    Кафедра «География», «География–Тарих» және «Туризм» бағдарламаларының студенттеріне оқу-далалық практика ұйымдастырады. Практика барысында білім алушылар теориялық білімін бекітіп, далалық зерттеу жүргізу, табиғи және тарихи-мәдени нысандарды зерделеу, туристік-рекреациялық ресурстарды бағалау дағдыларын қалыптастырады.

    Оқу-далалық практика бағыттарына Балқаш көлі маңы, Астана қаласының тарихи-мәдени және рекреациялық нысандары, «Көкшетау», «Бурабай» және «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи парктері, Шарын шатқалы, Алматы облысының рекреациялық аймақтары, Абай облысының Аягөз қаласы, Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай өңірі, Рахман қайнарлары мен Бұқтырма су қоймасы кіреді.

    Кафедраның даму бағдары

    География кафедрасы білім беру мен ғылыми зерттеудің сабақтастығын сақтай отырып, заманауи педагогикалық технологияларды, цифрлық және геоақпараттық құралдарды оқу үдерісіне енгізуді жалғастырады. Кафедраның басты мақсаты –  елдің зияткерлік және адами капиталының дамуына үлес қосатын, кәсіби жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

    Миссия және Стратегия

     

    Қадрлық құрам

    Жүктеу...

    Байланыстар