Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде (QyzPU) университет басшылығы мен Ұлыбританияның Sussex University делегациясының қатысуымен кездесу өтті.

Бұл кездесу екі жоғары оқу орны арасындағы әріптестік байланыстарды тереңдетіп, педагогикалық білім мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды қадамы болды.

Кездесуге QyzPU тарапынан Басқарма Төрағасы – Ректор міндетін атқарушы Сәбит Суатай, халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Мөлдір Абдраймова және білім беру бағдарламаларын интернационализациялау орталығының басшысы Алия Задаханова қатысты.

Ал Sussex University тарапынан халықаралық мәселелер жөніндегі проректордың орынбасары, Білім беру және әлеуметтік жұмыс мектебінің уақытша басшысының орынбасары, профессор Саймон Томпсон және білім беру кафедрасының меңгерушісі, доцент Кит Перера келді.

Кездесу барысында тараптар академиялық серіктестікті дамыту, бірлескен магистрлік және докторлық бағдарламаларды жүзеге асыру, сондай-ақ QyzPU базасында Бірлескен Білім беру жоғары мектебін құру перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған Split Site Joint PhD in Education and Pedagogy бағдарламасын жүзеге асыру бастамасы қарастырылды. Бағдарлама қазақстандық және британдық жетекшілердің бірлескен ғылыми басшылығымен докторанттарға зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Профессор Саймон Томпсон QyzPU-мен серіктестік педагогикалық тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеу жобалары мен академиялық ұтқырлықты дамыту тұрғысынан екі университет үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Айта кетейік, QyzPU мен Sussex University арасындағы ынтымақтастық 2023 жылдан бері табысты дамып келеді. Сол жылы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, біліктілікті арттыру курстары, «500 ғалым» бағдарламасы және Британ кеңесінің InterLinks Small Grants жобасы аясында бірлескен бастамалар жүзеге асырылды.