2025 жылғы 22 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің С. Қаниев атындағы ғылыми кітапханасы мен «Әлеуметтік жұмыс» мамандығының 1-курс студенттері бірлесіп, «Ел мерейі – Республика күні!» атты рухани-патриоттық мерекелік кеш ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – студенттердің ел тарихына деген құрметін арттыру, ұлттық рух пен отансүйгіштік сезімін нығайту және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін дәріптеу болды.

Мереке шымылдығы елдің рухын асқақтатқан патриоттық әуенмен ашылып, студенттердің орындауында көркем композициялар мен сахналық көріністер ұсынылды. Бағдарлама барысында 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның” тарихи маңызы туралы көрініс ұсынылды.

Кеш аясында студенттер патриоттық өлеңдер оқып, би және ән орындап, еліміздің тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін паш етті. Сонымен қатар зияткерлік ойын ұйымдастырылып, белсенді студенттерге сыйлықтар табыс етілді.

Іс-шара соңында Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана директоры Әсем Мұхтарқызы Өтегенова қорытынды сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді.

Мерекелік кеш студенттердің ұлттық сана-сезімін арттырып, елдік пен егемендіктің қадірін ұғындырған тағылымды шараға айналды.