QyzPU ауыл мектептерімен ынтымақтастық аясында педагогикалық мамандықты насихаттап, оқушыларды мамандыққа дайындау бағытында ауқымды жобаны қолға алды.
«Тарих» білім беру бағдарламасының көшбасшысы, қауымдастырылған профессор, ғылым кандидаты Берік Жұбанышовтың айтуынша, екіжақты меморандум аясында 2025–2026 оқу жылына арналған нақты жұмыс жоспары бекітіледі.
Жоспар бойынша университет оқытушылары жыл басынан маусым айына дейін жүйелі түрде жұмыс атқарады. Ең алдымен педагогикалық салаға бейімділігі бар оқушылар анықталып, олардың әлеуметтік зерттеуі жүргізіледі. Әр кафедрадан тәжірибелі ұстаздар таңдалып, оқушыларға педагогика мамандығының қыр-сырын үйретеді.
QyzPU Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры Бахытжан Сапаровтың айтуынша, университет Кемертоған ауылындағы жайлы мектепте арнайы педагогикалық кабинетін ашып, жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар береді.
«Мақсатымыз – педагогика мамандығын насихаттау, оқушыларды дайындау және ауыл мектептерінің мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру. Университетіміздің бес институты да осы бағытта бірлесіп жұмыс жасайды. Бұл – ауыл мектептерін дамытудағы біздің стратегиялық бағытымыздың маңызды бөлігі», – деді Бахытжан Жолдыбайұлы.
«Кемертоған ауылындағы жайлы мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гульмира Райсбекова серіктестіктің маңыздылығын атап өтіп, ауыл мектептері үшін бұл бастаманың тиімді екеніне сенім білдірді.
«Балалар өз мамандығын мектептен бастап түсініп, жауапкершілігін сезінсе, үлкен нәтиже болады деп ойлаймыз.
Университет мамандары оқушылар мен мұғалімдерге арнайы аудиторияда кәсіби көмек көрсетеді. Бұл бастамамыз үлкен нәтиже береді деп сенеміз», – деді мектеп директоры.
Осы жобаның жүзеге асуы ауыл мектептері мен университет арасындағы байланыс нығайтып, педагогикалық мамандарды дайындаудың жаңа деңгейін қалыптастырады деген үміт бар.
