24 қазан – Кітапханашылар күніне орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы Ғылыми кітапханасында ашық қолжетімділік апталығы аясында бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – білім мен ғылымдағы ашық қолжетімділік идеяларын насихаттау, ғылыми ақпарат алмасу мүмкіндіктерін кеңейту және заманауи электрондық ресурстарды пайдалану мәдениетін қалыптастыру болды.

Іс-шараның ашылуында кітапхана директоры Әсем Мұхтарқызы Өтегенова құттықтау сөз сөйлеп, кітапханашылардың қоғамдағы рухани және ағартушылық рөліне тоқталды. Ол университеттің білім беру үдерісінде ашық ғылым мен ашық деректердің маңызын атап өтті.

Күн тәртібінде бірнеше бағыттағы мазмұнды іс-шаралар өтті:

  • «Кітапханашылар күні: Руханияттың мерейлі мерекесі» атты мәдени-танымдық бағдарлама;
  • «Біздің біліміміз кімге тиесілі?» тақырыбындағы ашық қолжетімділік апталығы шеңберіндегі «Білім мен ғылымға ашық қолжетімділік: кітапхананың портфолиосы» атты семинар;
  • Кітапханашылар күніне арналған отандық баспалар жәрмеңкесі.

Семинар барысында университеттің оқытушылары, магистранттары және докторанттары Clarivate, EBSCO Publishing және «Next Day Solutions» компанияларының өкілдері өткізген презентациялар арқылы ғылыми ақпарат ресурстарының жаңа мүмкіндіктерімен танысты.

Шара аясында кітапхана қорына соңғы айларда түскен жаңа әдебиеттер көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеге оқу үдерісіне, ғылыми зерттеулерге және жалпы танымдық бағыттарға арналған оқулықтар, монографиялар мен көркем әдебиеттер қойылды.

Мерекелік күнде еліміздің белді баспалары — «Alash Book», «Лантар Books», «Qasym Kitap», «Отбасы хрестоматиясы», «Kemel Kitap», «Мазмұндама» және «Арман-ПВ» – өздерінің жаңа басылымдарын ұсынған ерекше кітап жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар, «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасының студенттері дайындаған концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шараның рухани мазмұнын айшықтады. Белсенді оқытушылар мен студенттерге алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.