Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Тұлға қалыптастыру департаменті мен Азаматтық қорғаныс және тіршілік қауіпсіздігі бөлімі бірлесіп, «Жер сілкінісін алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – студенттердің табиғи апаттар, соның ішінде жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы білімін арттыру және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру.

Кездесу барысында мамандар жер сілкінісі кезінде атқарылуы тиіс іс-әрекеттер жөнінде түсіндіріп, сақтық шаралары туралы кеңестер берді. Сондай-ақ, төтенше жағдайда университет ғимаратынан эвакуациялану тәртібі мен жиналу орындары көрсетілді.

Мамандардың айтуынша, «Жер сілкінісін болжау мүмкін емес, бірақ оның салдарын азайту – әрқайсымыздың қолымызда. Қауіпсіздік ережелерін білу және оны тәжірибеде қолдану – өмірімізді сақтап қалудың басты кепілі».

Университет әкімшілігі табиғи апаттардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріп, сейсмикалық оқу-жаттығуларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Мұндай шаралар студенттер мен қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуге және ықтимал дүлей апаттарға дайын болуына мүмкіндік береді.

Жер сілкінісін алдын алу және қауіпсіздік шаралары жөніндегі түсіндіру жұмыстары 29–31 қазан аралығында жалғасады. Аталған бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 11: «Тұрақты қалалар және елді мекендер» бағытымен үндеседі.