Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының ұйымдастыруымен «Білім беру үдерісіндегі Тұрақты даму мақсаттарының маңызы (орта мектеп, ЖОО)» тақырыбында оқу-әдістемелік семинар өтті. Аталған шараға университет оқытушылары, әдіскерлер, сондай-ақ орта мектеп мұғалімдері қатысты.

Іс-шара университеттің 2022–2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы және 2025–2026 оқу жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында өткізілді.

Семинардың мақсаты – орта және жоғары білім беру жүйесінде Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ), соның ішінде ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» бағытын іске асыру жолдарын талқылау. Аталған мақсат барлық адамдар үшін тең және сапалы білім беру жүйесін қалыптастырып, өмір бойы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді. Оның негізгі бағыттары – теңдік, инклюзивтілік, сапа және қолжетімділік қағидаттарын білім беру процесіне енгізу.

Семинар барысында қатысушылар ТДМ-ды білім беру жүйесіне енгізудің өзектілігі, педагогикалық тәсілдері және оқу-әдістемелік қолдау тетіктері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар физика кафедрасының білім беру бағдарламалары талқыланып, олардың мазмұны мен құрылымын жетілдіру, заманауи технологиялар мен инновациялық әдістерді оқу процесіне енгізу мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ VR технологияларын сабақ барысында пайдалану тәжірибесі, 9-сыныпта «Механика» тарауын оқытуда Phywe зертханалық жабдықтарын қолдану әдістемесі және 10-сыныпта «Идеал газ» тақырыбын Pasco зертханалық құралдарымен түсіндіру тәсілдері талқыланды.

Кездесу барысында қатысушылар білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа әдістемелер мен инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мұндай шаралар ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, білім алушылардың сыни ойлауын, экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға жол ашады. Университет алдағы уақытта да мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруды көздеп отыр.