2025 жылғы 4 қараша күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының өкілдерімен ресми кездесу өтті.

Іс-шараға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректоры Еркын Жуманкулова, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры Бахытжан Сапаров, сондай-ақ Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында тараптар екі оқу орны арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы Меморандум аясында жүзеге асып жатқан бірлескен жұмыстарды талқылап, алдағы жаңа бағыттарды айқындады.

Атап айтқанда, 2025 жылдың 27 қазаны мен 8 қарашасы аралығында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Хореография және арт-менеджмент кафедрасында Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясы оқытушылары үшін қысқа мерзімді тағылымдама ұйымдастырылды.

Тағылымдамаға «Хореография педагогикасы» кафедрасының меңгерушісі, доцент м.а. Султангирова Ирина Радиковна, осы кафедраның доценті Ешимбетова Айдин Ибадуллаевна, сондай-ақ «Өнер теориясы мен тарихы» кафедрасының оқытушысы Кари-Якубова Елена Анатольевна қатысуда.

Бағдарлама барысында қатысушылар университеттің оқу және ғылыми үдерістерімен танысып, ашық дәрістер мен тәжірибелік сабақтарға қатысуда. Сонымен қатар, «Арт-менеджмент және хореография» кафедрасының оқытушыларымен тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстар орнатуда.

Кездесу қорытындысында тараптар академиялық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сондай-ақ ортақ ғылыми жобалар мен шығармашылық бастамаларды дамыту бағытында өзара келісімге келді.