Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология институты, Қазақ әдебиеті кафедрасы ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын қазіргі заман тұрғысынан зерделеуге арналған «Абай және заманауи ой кеңістігі» атты апталықты бастады.

Іс-шараның мақсаты – Абайдың шығармашылық және философиялық дүниетанымын жаңаша пайымдап, жастардың ұлттық құндылықтарға, сапалы білім мен рухани дамуға деген қызығушылығын арттыру.

Апталықтың ашылу рәсімі 5 қараша күні өтті. Шараға белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Университеттің инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Еркін Шажаұлы Дүсіпов апталық жұмысына сәттілік тіледі.

Шара барысында филология ғылымының докторлары, профессорлар Дандай Ысқақ, Қансейіт Әбдезұлы, Алмасбек Мауленов, Серікқазы Қорабаев және жазушы Қуандық Түменбай, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жұмаш Кенебай «Ой бөлісу» айдарында Абай ілімі мен қазіргі әдебиеттегі сабақтастық туралы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ профессор Қансейіт Әбдезұлының «Абай және Тәкен» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

«Абай – біздің ең басты ұлттық құндылығымыз. Оның даналығы, қара сөздері мен өлеңдері – қазақ халқының баға жетпес байлығы. Абайдың 180 жылдығына орай “Абай және Тәкен” атты кітап шығарған едім. Бүгін соның тұсаукесері өтеді. Бұл еңбек студенттер мен оқытушыларға және университет кітапханасына табысталады. Апталық аясында ұлы ақынның шығармашылығын жастарға сіңіру, насихаттау жолдары қарастырылып, дәрістер оқылады. Шара сәтті өтеді деген сенімдемін», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Апталық бағдарламасы аясында 6 қараша күні көрнекті әдебиеттанушылардың ашық дәрістері ұйымдастырылады. Ал 7 қарашада студенттердің қатысуымен «Білектей арқасында өрген бұрым» атты әдеби-сазды кеш өтеді. Іс-шаралар барысында студенттер мен жас ғалымдар өз шығармашылық әлеуетін танытып, ұлы Абай мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік алуда.