2025 жылғы 6 қараша күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану институты, Биология кафедрасының ұйымдастыруымен университеттің құрметті профессоры, биология ғылымының дамуына зор үлес қосқан Алтынбек Сартайұлы Сартаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Жаратылыстану ғылымдарының өзекті мәселелері және биологиялық білім берудің заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-практикалық гибридті конференция өтті.

Алтынбек Сартайұлы – еліміздің биология ғылымына айрықша үлес қосқан ғалым. 100-ден астам ғылыми еңбектің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Оның жетекшілігімен генетика, биотехнология және биология білім беру саласында көптеген мамандар тәрбиеленді.

Конференцияның негізгі мақсаты – профессордың ғылыми-педагогикалық және әдістемелік еңбектерін саралап, болашақ ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдарының қазіргі заманғы өзекті бағыттарын талқылау болды. Шараға еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының ғалымдары қатысты.  Пленарлық отырыста және секциялық баяндамаларда ғалымдар биотехнология, жасанды интеллект пен STEM-интеграция сияқты өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Профессор Алтынбек Сартайұлы өз сөзінде:

«Қазір еліміз цифрландыру дәуірінде жаңа жетістіктерге ұмтылуда. Мен өзім де жасанды интеллектке қызығамын, оның берері мол. Сондықтан біз заман ағымына сай ғылымды дамытып, алға жылжуымыз керек деп есептеймін. Университетіміз – Орта Азиядағы жалғыз қыздарға арналған жоғары оқу орны, осында қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Студенттеріме ғылым сапарында да, рухани сапарда да алға басуларын тілеймін», – деді.

Конференция аясында Сартаев Алтынбек Сартайұлы атындағы аудиторияның ашылу салтанаты өтті. Бұл бастама – университеттің көрнекті ғалымының есімін мәңгі есте қалдыру және жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында жүзеге асырылды. Биология кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, қауымдастырылған профессор Эльмира Иманованың айтуынша жаңа ашылған аудиторияда студенттер профессордың еңбектерімен танысып, ғылыми ізденіске деген ынтасын арттырады.

«Алтынбек Сартайұлы кафедрамыздың дамуына зор үлес қосқан ғалым. Бүгін ашылған дәрісхана студенттердің генетика ғылымында тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, өз көкжиегін кеңейтуіне мүмкіндік береді», – деді.