2025 жылғы 6 қараша күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде British Council (Британдық кеңес) өкілдерімен кездесу өтті. Шара ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау сапасын арттыруға бағытталған Accelerating English Language Learning in Central Asia – AELLCA жобасы аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге British Council өкілдері – профессор Саймон Борг және жоба үйлестірушісі Нурсулу Сүлейменова, сондай-ақ Филология факультетінің «Шетел тілін кәсіби даярлау» кафедрасының оқытушылары, педагогикалық тәжірибеден өтіп жатқан 4-курс студенттері және серіктес мектептердің мұғалімдері қатысты. Олардың қатарында Алматы қаласындағы №15 гимназия, №102 жалпы білім беретін мектеп, Zaman элиталық қазақ мектебі және №176 мектеп-гимназиясының ұстаздары бар.

AELLCA жобасы – Ұлыбританияның Ішкі істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан халықаралық бастама. Ол Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Кездесу барысында университет пен мектеп арасындағы серіктестікті дамыту, педагогикалық тәжірибенің тиімділігін арттыру, білім беру стандарттары мен бағдарламаларының үйлесімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. British Council сарапшылары оқу орындары мен тәжірибе базаларынан жиналған деректерге талдау жасап, педагогикалық тәжірибе мен оқытушылардың кәсіби дамуын жетілдіру бойынша жол картасын әзірлеуді жоспарлап отырғандарын атап өтті.

Бұл кездесу Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің халықаралық серіктестігін нығайтып, Британдық кеңеспен ғылыми және академиялық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды.