Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті Люба Темникова Грекияның Лутраки қаласында өткен (U20) жастар арасындағы грэпплингтен Әлем чемпионатында 49 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.

Бұл жеңіс – жас спортшының қажырлы еңбегі мен табандылығының, сондай-ақ QyzPU-дағы спорттық дайындық жүйесінің нәтижесі. Люба өз табысы арқылы оқу ордасының мерейін асырып, Қазақстанның атын халықаралық аренада тағы бір мәрте танытты.

Жас спортшы жарыс жайлы өз әсерімен бөлісті: «Дайындық қиын болды. Күн сайын тер төктім, талай рет шаршадым, бірақ бәрібір тоқтаған жоқпын. Чемпионатқа дейін бар болғаны бір ай уақытым болды. Бірақ бар күшімді салдым», – дейді Люба. «Көптеген елдерге бардым, бірақ Греция менің есімде мәңгі қалады. Сол жерде мен өз күшімді, шыдамымды сынадым», – деп еске алды ол.

Жарыста бәсекелестік жоғары болғанын айтқан спортшы қарсыластары туралы да тоқталды: «Қарсыластарымның бәрі мықты. Өкінішке қарай, Ресей спортшысымен тең дәрежеде күресіп, төрешілер шешімімен жеңіліс таптым. Бірақ барымды салдым, соңына дейін күрестім», – деді Темникова.

Люба спортты өз өмірінің мәні деп біледі. Ол грэпплингті таңдауына ерекше себеп бар екенін айтады: «Грэпплингті таңдаған себебім – бұл спорт маған күш берді. Ол мені өмірде де, татамиде де күресуді үйретті. Қиын сәтте берілмеуді осы спорттан үйрендім», – деп бөлісті ол. «Жеңіс – тек бірінші орын емес. Мен үшін жеңіс – өзімді жеңу, мойымай алға жүру», – дейді жас спортшы.

Болашаққа сеніммен қараған Люба өз арманымен бөлісті: «Болашақта спортты да, балаларды үйретуді де қатар алып жүргім келеді. Өзім сияқты арманы бар балаларға үлгі болғым келеді».

QyzPU ұжымы Люба Темникованы халықаралық жетістігімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да спорт пен өмір жолында табыс пен жеңістер тілейді!