Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық серіктестік аясын кеңейтіп, Қытайдың Ляньюньган техникалық колледжімен өзара түсіністік туралы меморандумға (MOU) қол қойды. Бұл келісім «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

Меморандум аясында екі жоғары оқу орны «Қытай тілі + химия» атты жаңа бірлескен білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба заманауи талаптарға сай, тілдік және ғылыми құзыреттерді қатар меңгерген, халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған.

Бағдарлама білім мен кәсіби дайындықты біріктіретін инновациялық модель болып табылады. Студенттер екі оқу орны бірлесе мойындайтын microcredential сертификаттарын алу мүмкіндігіне ие болады және өнеркәсіптік серіктестермен байланыс орнатып, тәжірибеден өту мен жұмысқа орналасу жолдарын кеңейте алады.

Ресми қол қою рәсімі Ляньюньган қаласында өтті. Іс-шараға QyzPU Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректоры Еркын Жуманкулова, Жаратылыстану институтының директоры, профессор Гаухар Байташова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Салтанат Джақубаева сондай-ақ Ляньюньган техникалық колледжі мен Малайзияның Халықаралық мәдени байланыс орталығының (ICCCM) өкілдері қатысты.

Университеттің халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы, Салтанат Джақубаева өз сөзінде былай деді:

«“Қытай тілі + химия” бағдарламасы – “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясындағы жаңа буын серіктестік жобаларының жарқын мысалы. Бұл бастама білім, инновация және өндіріс арасындағы көпір орнатып, студенттерімізге халықаралық тәжірибе жинақтауға және кәсіби дамуға нақты мүмкіндік береді».

Аталған бағдарлама Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және ғылыми байланыстарды нығайтып, халықтар достығы мен өзара түсіністікті арттыруға бағытталған. Осы меморандум екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, жоғары білімнің интернационалдануына, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасының табысты жүзеге асуына өз үлесін қосады.