Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бітіру жұмыстарына жетекшілік ететін профессор-оқытушылар құрамына арналған ауқымды әдістемелік семинар өтті. Жиынға 150-ден астам педагог пен сарапшы қатысып, сабақты зерттеу (Lesson Study) әдістемесінің күрделі аспектілері талқыланды.

QyzPU – Lesson Study әдісін дипломдық жұмыстың толыққанды формасы ретінде ресми түрде енгізген Қазақстандағы алғашқы және әзірге жалғыз университет. Бұл тәжірибе университетте үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде оқу орны бірегей ғылыми-тәжірибелік база қалыптастырып, эксперименттік кезеңнен білім сапасын жүйелі жетілдіру сатысына өтті.

Семинардың басты мақсаты – ғылыми жетекшілерге қойылатын талаптарды күшейту және бітіру жұмыстарының зерттеу компонентін тереңдету болды. Педагогтардың әдістемелік құралдарын заманауи педагогика талаптарына сай жаңарту басымдыққа алынды.

Интенсив бағдарламасы ғылыми жетекшілер сүйемелдейтін зерттеу процесінің толық циклін қамтыды. Спикерлер – Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Еркын Жуманкулова, Назарбаев зияткерлік мектебі оқытушысы Эльзира Торгаева, п.ғ.д. Кульзада Кудайбергенова және PhD Эльзира Кырбасова  дипломдық жұмыстың негізгі кезеңдеріне кәсіби талдау жасады.

Семинар барысында студенттер үшін күрделі саналатын сабақты кәсіби бақылау, зерттеу күнделігін жүргізу мен рефлексия жасау және алынған деректерге негізделген оқыту тәжірибесіне өзгерістер енгізу алгоритміне ерекше назар аударылды.

Университет бұл іс-шара арқылы тәжірибеге бағытталған зерттеулер арқылы педагогикалық білім беруді трансформациялау стратегиялық ұстанымын айқындады. Семинар қорытындысы бойынша ғылыми жетекшілер жаңартылған жұмыс хаттамаларын осы оқу жылында бакалаврларды даярлау барысында қолдануды жоспарлап отыр.