2025 жылдың 20 қарашасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты, Тарих кафедрасы және «Жас тарихшы» үйірмесінің ұйымдастыруымен университет көлемінде «Sweet Book» тарихи кітап байқауы өтті. І
с-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағыты – сапалы білім беру аясында ұйымдастырылып, студенттердің тарихи санасын қалыптастыру, кәсіби құзыреттілігін арттыру, ғылыми көзқарасын кеңейту және қазақ тарихына деген қызығушылығын күшейту мақсатында өткізілді.
«Sweet Book» байқауының басты ерекшелігі – кітап оқу процесін аспаздық өнермен үйлестірген жаңа формат. Қатысушылар өздері оқыған тарихи кітаптардың мазмұнын шығармашылық тұрғыда бейнелеп, кейіпкерлер әлемін түрлі образдар, қолөнер туындылары және тәтті тағамдар арқылы таныстырды. Бұл тәсіл студенттердің тарихи деректерді терең түсінуіне, қызығушылықпен оқуына және өзіндік креативті көзқарасын көрсетуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар байқауда қатысушылар оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісіп, тарихи оқиғалардың қазіргі заман үшін маңызын талқылап, сахналық қойылымдар мен визуалды жұмыстар ұсынды.
Байқау нәтижесі бойынша І орынды Жаратылыстану институтының «Зерде» командасы жеңіп алып, 30 000 теңгелік жүлдеге ие болды. ІІ орын Филология институтының «Жауқазын» командасы мен Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының «Алаш арқауы» командасына беріліп, екі команда да 20 000 теңгелік жүлдемен марапатталды. ІІІ орын Педагогика және психология институтының «Батыр бике» және «Nomad» командаларына, сондай-ақ Физика-математика және цифрлық технологиялар институтының «Тұмар» командасына табысталды. Бұл командалар 10 000 теңге көлеміндегі жүлде мен тарихи кітаптармен марапатталды.
«Sweet Book» тарихи кітап байқауы студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, тарихи білімге деген ықыласын арттырып қана қоймай, университет қабырғасында жаңа форматтағы мәдени-білім беру іс-шараларын ұйымдастырудың тиімді үлгісі ретінде бағаланды.
