20 қараша күні Сералы Қаниев атындағы Ғылыми кітапхананың конференц-залында «Оқудан – ойға, ойдан – өмірге» атты кітап талқылауға арналған пікірталас элементтері бар әдеби кездесу ұйымдастырылды.
Әдеби басқосуға Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының ғылым магистрі Раисов Қазбек Даирбекович, Жаратылыстану институтының оқытушысы, PhD доктор, қауымдастырылған профессордың міндетін атқарушы Тулегенов Ердаулет Асқарбекович, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының баспасөз хатшысы, журналист-редактор Ақберді Таңшолпан, сондай-ақ студенттер мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Кездесуді кітапхананың бас кітапханашысы Несіпбай Аяулым жүргізіп, талқылаудың жүйелі өтуіне бағыт берді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін жандандыру, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және оқылған шығармалар арқылы өмірлік құндылықтарды түсінуге ықпал ету болды.
Кездесу барысында қатысушыларға ақпараттық платформа арқылы бейнематериалдар, инфографика және мақалалар ұсынылып, заманауи кітап оқу мәдениетінің өзекті мәселелері талқыланды. Аудитория арасында шағын сауалнама жүргізіліп, интерактив ұйымдастырылып, жастардың кітапқа деген қазіргі көзқарасы анықталды.
Негізгі бөлімде жазушы Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты еңбегі талқыланып, қатысушылар шығарма туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Талқылау барысын жандандыру мақсатында «Сәтті сұрақ» интерактивті ойыны өткізілді. Қатысушылар өзара мини-дебатқа түсіп, кітаптың мазмұны мен идеясы жөнінде түрлі қырынан ой қозғады.
Кездесу соңында кітапхана директоры Өтегенова Әсем Мұхтарқызы сөз сөйлеп, іс-шараға белсенді қатысқан студенттер мен қонақтарға алғыс білдіріп, арнайы марапаттар табыстады.
Әдеби басқосу жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, рухани-мәдени құндылықтарды терең ұғынуына жол ашты. Сонымен қатар оқылған шығарманы өмірмен байланыстыра алу, кітаптан түйген ойды тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.
