Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қытай Халық Республикасының Ланчжоу университеті Өркендеу институтының ресми делегациясымен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық байланыстарды нығайту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Ланчжоу университеті делегациясы құрамында Партия комитетінің хатшысы, Жоғары білім институтының зерттеушісі Ms. Zhao Chunhui, Жоғары білім институтының профессоры, декан орынбасары Mr. Luo Yangyang, сондай-ақ осы институттың профессоры Mr. Geng Lele болды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті тарапынан Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева және бөлім менеджерлері Асель Алмабекова, Қызғалтақ Нысанбек қатысты.
Кездесу барысында тараптар университеттердің даму стратегияларын, ғылыми-зерттеу бағыттарын, студенттер мен оқытушыларға арналған алмасу бағдарламаларын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Іс-шара соңында делегация мүшелері QyzPU кампусы мен университет музейін аралап, оқу корпустарының инфрақұрылымы және білім беру ортасымен танысты. Бұл кездесу екі жақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
