Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология институты қазақ руханиятының көрнекті өкілі, ағартушы, ақын және қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай театралды-поэзия кешін өткізді.

Кештің негізгі мақсаты – Алаш арыстарының рухани мұрасын жастар санасында жаңғырту, Міржақыптың елдік идеяларын қазіргі буынға жаңа форматта жеткізу және театр мен поэзия синтезі арқылы әдебиетке деген қызығушылықты арттыру болды.

Кештің негізгі ерекшелігі – поэзия мен театр өнерін сабақтастыру арқылы Міржақып мұрасының көркемдік қуатын сахналық көріністер, драматикалық монтаждар және поэтикалық композициялар арқылы жаңа қырынан көрсету болды. Студенттердің орындауында Міржақыптың өлеңдері, публицистикасы және тарихи бейнесі сахнада жанды түрде көрініс тапты.

Шара барысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің “Albeni’s” шығармашылық ұйымымен бірлесіп жұмыс атқарылды. Екі оқу орнының жас өнерпаздары мен актерлік бағыттағы студенттері бір сахнада өнер көрсетіп, рухани-мәдени байланысты нығайтуға үлес қосты.

Кештің соңында қатысушылар Міржақып Дулатұлының шығармашылығы мен елдік идеяларының қазіргі қоғам үшін маңыздылығын атап өтіп, студенттердің шығармашылық жетістіктерін жоғары бағалады. Шара мәдени-рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуға, сондай-ақ жастар арасында әдебиет пен театр өнеріне деген қызығушылықты арттыруға үлес қосты.