2025 жылдың 26 қарашасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы Ғылыми кітапханасында кітапхана және EBSCO компаниясының ұйымдастыруымен, Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша ИФЛА Өңірлік комитетінің қолдауымен «Орталық Азия кітапханалары: перспективалы цифрлық стратегиялар мен тәжірибелер» атты халықаралық семинар өтті.
Жиынға кітапхана ісінің жетекші мамандары, ақпараттық компаниялар өкілдері және ғылыми зерттеушілер қатысып, аймақтағы кітапханалардың цифрлық кеңістігін қалыптастыруға ықпал етіп отырған жаңа технологиялардың даму бағытын талқылады. Семинарда EBSCO құралдары, каталогтаудың жаңа стандарттары, BIBFRAME моделі, жасанды интеллект мүмкіндіктері және жоғары оқу орындары кітапханаларының корпоративтік ынтымақтастығы сияқты өзекті тақырыптар көтерілді.
EBSCO компаниясының Орталық Азия елдеріндегі өкілі Александр Владимирович Рытов цифрлық кітапхана платформасының қазіргі қызметін таныстырып, каталогтаудың жаңа бағыттары мен BIBFRAME моделіне көшу тетіктерін түсіндірді. Ол осы стандарттың MARC форматына қарағандағы басымдықтарын атап көрсетіп, гуманитарлық бағытқа бейімделген EDS жүйесін институционалдық репозиторийлермен ықпалдастыру тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, EBSCOhost платформасындағы жасанды интеллект негізіндегі жаңа функциялар да алғаш рет назарға ұсынылды.
Ғылыми кітапхана директоры Әсем Мұхтарқызы Өтегенова университет кітапханасында EBSCO Discovery жүйесін қолдану тәжірибесін ортаға салып, сервис мүмкіндіктерінің ақпараттық ізденістің сапасын арттырудағы тиімділігін көрсетті.
Кітапхана директорының орынбасары, ИФЛА Өңірлік комитетінің өкілі Пётр Михайлович Лапо өз баяндамасында жаһандық цифрлық трендтерге тоқталып, жасанды интеллекттің халықаралық деңгейде кітапхана жүйесіне енуі мен Қазақстан ЖОО кітапханалары арасындағы желілік әріптестіктің жаңа әлеуетін таныстырды.
Семинар барысында ұсынылған баяндамалар өңірлік кітапханалардың цифрлық трансформациядағы негізгі бағыттарын айқындап, кәсіби пікірталас алаңына айналды. Шара соңында ұйымдастырушылар цифрлық тәжірибелерді кеңейту, ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды дамытудың маңызын атап өтті. Қатысушыларға семинар қорытындысы бойынша EBSCO компаниясының арнайы сертификаттары табысталды.
