2025 жылғы 26 қараша күні Қарасай ауданы, Кемертоған ауылындағы «Жайлы мектеп» базасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының ұйымдастыруымен және Түркия Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдарының қатысуымен «Тарихтан тағылым, өнерден рух» атты халықаралық форум өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықты нығайту, тарих, өнер және руханият салаларындағы жаңа бағыттарды талқылау, сондай-ақ жас буынға ұлттық құндылықтарды ғылыми тұрғыда насихаттау.

«Тарих» білім беру бағдарламасының көшбасшысы, қауымдастырылған профессор, ғылым кандидаты Берік Жұбанышовтың айтуынша, форум өнер мен тарихты сабақтастырып, Түркия және Қазақстан ғалымдарының бірлескен жобалары арқылы жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды танытуға мүмкіндік береді.

«Бүгін біз екі ғылымды бір арнаға тоғыстырдық, яғни өнер мен тарихты біріктірдік. Түркия мен Қазақстан тарихын насихаттап, қызықты тақырыптарды талқылаймыз. Түркия Республикасынан шақырылған ғалымдармен бірге «Жайлы мектеп» аясында бірнеше жобаларды қолға алудамыз. Оның ішінде жастарды шығармашылыққа, өнерге баулу және мектеп ұстаздарына әдістемелік көмек көрсету бағыттары бар», – деді ол.

Ал «Кемертоған ауылындағы жайлы мектеп» КММ директоры Гүлмира Райсбекованың айтуынша, мұндай форумдар ауыл мектебі үшін халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасуға және жаңа білім беру әдістерін енгізуге тамаша мүмкіндік.

«Бір ай бұрын QyzPU-мен бірлесіп мектебімізде педагогикалық сынып ашылған болатын. Университетпен меморандум аясында қазіргі таңда өте белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шараның ең басты мәні – мұғалімдеріміз бен халықаралық деңгейдегі ғалымдардың тәжірибе алмасуы. Ауыл мектебі үшін бұл үлкен мүмкіндік», – деді мектеп директоры.

Форумға QyzPU мен Түркияның белгілі ғалымдары, сондай-ақ Қарасай ауданының мектеп мұғалімдері қатысты. Бағдарлама аясында пленарлық сессия, қазақ-түрік мәдени байланыстарын талқылау, өнер мен руханиятқа арналған шеберлік сабақтары және жас ғалымдарға арналған пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Түркиядағы Акдениз университетінің Бейнелеу өнері факультеті, Тоқыма және сән дизайны кафедрасының PhD докторы, танымал дизайнер Мариям Езиева форумға арнайы қатысып, ұстаздарға дәріс жүргізді және халықаралық деңгейдегі тәжірибесімен бөлісті.

«Ең басты мақсатымыз – оқушыларға жаңа бағытта білім мен тәрбие беру. Қазіргі цифрландыру дәуірінде өз тарихымыз бен өнерімізді, мәдениетімізді ұмытпай, оны жаңаша форматта ұрпаққа жеткізу маңызды. Біз қолданатын технологияны балалар да болашақта қолданады. QyzPU-пен алдағы уақытта да халықаралық деңгейдегі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын», – деді  халықаралық сарапшы.

Форум нәтижесінде бірлескен ғылыми жобалар мен мәдени бағдарламаларды дамытуға бағытталған ұсыныстар қабылданып, қатысушылар арасында тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстар нығайтылды.