2025 жылғы 21–23 қараша күндері Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Ботаника институтында (Баку қаласы) «Апиотерапия және табиғат» бағытындағы III Халықаралық конгресс (IANCO25) өтті. Ауқымды ғылыми жиынға Түркия, Алжир, Филиппин, Пәкістан және өзге де мемлекеттердің жетекші ғалымдары қатысып, саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Конгресс жұмысына Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Биология кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы да атсалысты.

Ғылыми бағдарлама аясында биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гульшат Анарбекова «Жартылай қаттықанаттылардың (Heteroptera) биоалуантүрлілігінің экологиялық нишасының ерекшеліктері» тақырыбында ғылыми баяндама жасап, зерттеу нәтижелерін халықаралық аудитория назарына ұсынды. Сонымен қатар биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айгүл  Маматаева «Дәстүрлі медицинада қолданылатын өсімдіктердің антиоксиданттық әлеуетін талдау» тақырыбында постерлік баяндама жасады. Екі жұмыс та тәуелсіз сараптамадан сәтті өтіп, конгрестің электрондық материалдар жинағына енгізілді.

Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде университет өкілдеріне «Қызыл кітап» (2 том) және «Қарабақ өсімдіктері» атты құнды ғылыми басылымдар табысталды. Аталған еңбектер кейін университет кітапханасы қорына қабылданып, оқу және ғылыми-зерттеу ресурстарын толықтырды. Бұл басылымдар биология және оған іргелес салалардағы зерттеулерді тереңдетуге, білім алушылар мен жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.