Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының «Қолданбалы жасанды интеллект» бағдарламасының 1-курс студенті Тұрғынбай Мариям VII Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды.

Жасөспірімдер (U-14) және жастар (U-19) категорияларында өткен турнир тоғызқұмалақтан ұйымдастырылған. Азияның үздік спортшылары қатысқан жарыста Мариям жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өз жас санатында үшінші орынға шықты.

Жас спортшы жарыс жайлы өз әсерімен бөлісті: «Негізгі мақсатым – бірінші орын алу болатын. 3-орын алған кезде аздап көбірек дайындалғанымда бірінші орын алушы едім деген сезім болды. Мен тоғызқұмалақпен 8 жасымнан бері айналысып келемін. Алғашқыда бұл ойынды әкем үйреткен, ол менің алғашқы жаттықтырушым болды», – дейді Мариям.

Мариям тоғызқұмалақтың өміріндегі орнын ерекше атап өтті: «Бұл ойын мен үшін жай ғана ойын емес. Ол маған өмірімде керемет мүмкіндік берді. Әр жарыстан өзіме сабақ алып, жаңа достар таптым, логика қабілетім нығайды», – дейді студент.

Болашаққа қойған мақсаттары туралы: «Мақсатым – өз мамандығымда үздік болу және ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақпен хобби ретінде айналысып, бүлдіршіндерге үйрету. 2026 жылы 19 жасқа дейінгі қыздар арасында классика, рапид, блиц түрлерінен чемпион болғым келеді».

Сондай-ақ университеттің қолдауын ерекше атап өтті: «Университет маған тоғызқұмалақпен айналысуға мотивация береді. Мұнда сабақ оқуға, түрлі үйірмелерге, дамушы ұйымдарға барлық жағдай жасалған. Барлық оқытушыларыма алғысымды білдіремін!», – дейді студент.

QyzPU ұжымы Мариям Тұрғынбайды халықаралық жетістігімен құттықтап, алдағы уақытта да оқу, спорт және өмір жолында табыс пен жаңа жеңістер тілейді!