Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің аға менеджері Нұртаза Айдана Нұралықызы Малайзияға жұмыс сапарымен барып, елдің бірқатар жетекші білім беру және мәдени ұйымдарымен кездесті.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Universiti Poly-Tech Malaysia (UPTM) және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті арасында академиялық ынтымақтастық жөніндегі Letter of Intent (Ынтымақтастық туралы ниет хаты) құжатына қол қойылуы болды.
Құжат екі тараптың ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестікті дамытуға дайын екендігін көрсетеді және ынтымақтастық келесі бағыттарды қамтиды: достық және академиялық байланыстарды нығайту, академиялық серіктестік, мәдени бастамалар мен мамандар алмасуды дамыту, сондай-ақ болашақ жобаларды жүзеге асыру үшін кешенді және ресми келісімдерді бірлесіп әзірлеу.
Тараптар құжатта көрсетілген бағыттар бойынша нақты бағдарламаларды әзірлеуге, сондай-ақ оларды іске асыруға қажетті академиялық және ұйымдастырушылық тетіктерді қалыптастыруға келісті.
Сапар барысында Айдана Нұралықызы International Transnational Education Association (ITEA) және International Cultural Communication Center Malaysia (ICCCM) ұйымдарының басшыларымен кездесіп, трансұлттық білім беру, академиялық мобильділік және халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер нәтижелі өтіп, бірлескен жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктері анықталды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық байланыстарды кеңейтіп, студенттер мен оқытушыларға жаһандық мүмкіндіктер ашуды жалғастыра береді.
