Жаратылыстану институтының Химия кафедрасы дәстүрлі «Бейорганикалық әлемнің сырлы симфониясы» атты білім сайысын ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің бірінші жартыжылдықта алған теориялық және практикалық білімдерін бағалау, химия ғылымына қызығушылығын арттыру және олардың шығармашылық ізденісін қолдау болды.

Сайыс барысында студенттер әртүрлі кезеңдер бойынша білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін және зертханалық дағдыларын көрсете отырып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бағалау төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілді: білім, шығармашылық, зияткерлік бәсеке, командалық ынтымақтастық.

Сайысқа Elegant Electrons, Химфорс, Химиктер лигасы, Catalyst Queens, Оттегі командалары қатысты. Жарыс бірнеше кезеңдерді қамтыды: таныстыру кезеңі, капитандар сайысы, химиялық ыдыстар, химиялық есептер шешу, бейорганикалық қосылыстарды анықтау, қызықты тәжірибе, қалдықсыз технология.

Әділ қазылар алқасы құрамында  химия ғылымдарының кандидаты, доцент Акимбаева Назгуль Оразбаевна, PhD, аға оқытушы Диярова Бану Маралбекқызы, магистр, аға оқытушылар Сарсенбаева Замира Беркбайқызы, Камысбаева Алия Кенесбековна, оқытушы Курбанбаева Нуржамол Маратовна және  Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 мектептің химия пәні мұғалімі Бейсеғүл Кербез Еркінқызы болды.

Бағалау нәтижесінде әділ қазылар алқасы сайыс қорытындысын жариялап, бірінші орынды жоғары үлгерім мен ерекше дайындық танытқан «Catalyst Queens» тобы иеленсе, екінші орын бейорганикалық химия бойынша үздік білім көрсеткен «Оттегі» тобына ал үшінші орын шығармашылық пен ғылыми ұшқырлықты үйлестірген «Elegant Electrons» тобына берілді.

Іс-шара студенттердің ғылыми қызығушылығын оятуға, білімдерін тереңдетуге және командалық жұмыс тәжірибесін дамытуға бағытталған маңызды алаң болды.