Жаратылыстану институтының Химия кафедрасы «Нанокомпозиттер: Материалдардың механикалық, электрлік және оптикалық қасиеттерін инновациялық шешімдерге бағыттап жетілдіру» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар ұйымдастырды.
Шара Қазақстан мен Үндістан арасындағы академиялық және ғылыми серіктестік аясында өткізілді және студенттер мен зерттеушілерге заманауи наноматериалдарды зерттеу тәжірибесін алуға мүмкіндік берді.
Семинар сепикері – Ченнай қаласындағы SRM Ғылым және технология институтының қауымдастырылған профессоры, PhD Кришнамурти Рамачандран. Ол нанокомпозиттер мен наноматериалдардың қасиеттері, өндіріс әдістері және қолдану салалары жайлы баяндады. Профессор материалдардың механикалық, электрлік, оптикалық және жылулық қасиеттеріне, сондай-ақ тосқауылдық, антимикробтық, антиоксиданттық және коррозияға төзімділік сияқты кешенді функционалды сипаттарына тоқталды. Сонымен қатар, керамикалық, металл және полимер матрицалы нанокомпозиттердің 0D, 1D және 2D наноқұрылымдық үлгілерінің синтезделу әдістері көрсетілді.
Шараға Жаратылыстану институтының директоры Гаухар Байташева, Химия білім беру бағдарламасы көшбасшысы Анар Жапекова, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Семинар барысында студенттер заманауи наноматериалдардың ерекшеліктерін меңгеріп, ғылыми қызығушылықтарын арттырды. Бұл тәжірибе студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға, ғылыми зерттеулерге белсенді қатысуға және болашақ кәсіби мансапқа бағытталған жаңа перспективаларды ашуға мүмкіндік берді.
Нанокомпозиттердің ерекше физикалық-химиялық қасиеттері мен дәстүрлі материалдарды алмастыру қабілеті олардың ғылыми және өндірістік әлеуетін айқын көрсетеді. Осындай инновациялық материалдарды зерттеу мен дамыту Қазақстан мен Үндістан арасындағы академиялық және ғылыми серіктестік аясында жүзеге асырылып, халықаралық тәжірибе алмасуға, заманауи зертханалық әдістерді меңгеруге және жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық екі елдің ғылымын жаңа деңгейге көтеріп, наноматериалдар саласындағы бірлескен жобалардың дамуына және өнеркәсіптік қолданудың кеңеюіне жол ашады.
