ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 5 желтоқсандағы бұйрығымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры лауазымына Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы тағайындалды.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы 1994 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтының «Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдап, кейін аспирантурада білім алды. Филология ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын Қазақ қыздар институтының филология факультетінде деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары және орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы болып бастаған.

30 жылдық қызметінде білім саласында басшылық қызметтерді абыроймен атқарған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті колледжінің директоры, «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметтерін атқарған. 2020 жылдың қаңтарынан осы уақытқа дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін Басқарма Төрағасы – Ректоры ретінде басқарды.

Бейбіткүл Сәрсемханқызы – тіл білімі, салыстырмалы грамматика, тілдік тұлға және оқулықтану салалары бойынша 90-нан астам ғылыми еңбектің авторы. Вашингтон (АҚШ), Франция, Финляндия, Оңтүстік Корея, Англия, Ұлыбритания және Грекияда біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өткен.
