Қазақстандық жаппай ашық онлайн курстар жинағы жаңа, мазмұнды оқу курсымен толықты. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Набуова Роза Абдрахмановна әзірлеген «Бастауыш білім берудегі критериалды бағалау» онлайн курсы Coursera платформасында іске қосылды.

 «Бастауыш білім берудегі критериалды бағалау» курсы заманауи критериалды бағалау жүйесінің теориялық тұғырларын, принциптерін, құрылымдық кезеңдерін және оларды оқу үдерісіне тиімді енгізу жолдарын кешенді түрде зерделеуге бағытталған.

 Курс ерекшелігі – білім алушылардың бағалауға деген жеке ұстанымдарын қайта қарап, сыни тұрғыдан талдау, педагогикалық тәжірибемен байланыстыру және оны жетілдіру бағыттарын айқындау дағдыларын дамытуға ерекше мән берілуі.

Курс нәтижесінде тыңдаушылар критериалды бағалау жүйесін оқу процесінде тиімді қолдануға, оқу сапасын арттыруға, білім алушылардың оқу жетістіктерін нақты әрі әділ бағалауға, сондай-ақ бағалау мәдениетін қалыптастыруға дайындалады.

Бұл бағдарлама заманауи критериалды бағалау жүйесін ғылыми-практикалық тұрғыдан терең меңгеруді көздейтін болашақ және қызмет атқарып жүрген педагогтер үшін тиімді әрі мазмұнды оқу құралы болмақ.