2025 жылдың 1–5 желтоқсан аралығында Сералы Қаниев атындағы кітапхананың бас кітапханашысы Несіпбай Аяулым Ерғалиқызы және жетекші кітапханашы Өмірбекова Гаухар Қасымбекқызы Назарбаев Университеті кітапханасының ұйымдастыруымен өткен Еуразиялық академиялық кітапханалар тренингі (EALTraining) аясында «Стратег рөліндегі кітапханашының көшбасшылық әлеуетін дамыту» атты семинар-тренингіне қатысып, заманауи кітапхана ісінің стратегиялық бағыттары бойынша тәжірибе жинақтады.

Бағдарлама аясында қатысушылар кітапханалардың білім беру үдерісіндегі жаңа миссиясын, ақпараттық сауаттылық пен оқытуды ұйымдастырудағы заманауи тәсілдерді, зерттеушілерге қолдау көрсету модельдерін, электрондық ресурстарды тиімді басқару тәжірибелерін және пайдаланушымен байланысты күшейту стратегияларын меңгерді. Сонымен қатар, жасанды интеллекттің кітапхана қызметіне ықпалы, оның этикалық аспектілері, ЖИ құралдарын тиімді қолдану, автоматтандыру мүмкіндіктері және промт-инжиниринг сияқты өзекті бағыттар талқыланды.

Тренинг қатысушылары жинақтаған тәжірибе QyzPU кітапханасының қызмет сапасын арттыруға, заманауи білім беру талаптарына бейімделуге және ақпараттық қолдауды күшейтуге бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.