Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Хореография» білім беру бағдарламасының 3‑курс студенттері «Заманауи би» пәні аясында «Another World» тақырыбында пластикалық спектакль ұйымдастырды.
«Another World» – адамның ішкі күйзелісі мен жан арпалысын сахна тілімен жеткізетін экспрессивті хорео-драмалық шоу. Перформанс бес актіден тұрады, әр акт көрерменді басты кейіпкердің санасындағы эмоциялық кезеңдерге жетелейді.
Спектакльдің басты мақсаты – адамның ішкі жан дүниесіндегі күресті, психологиялық күйзеліс кезеңдерін, ой мен эмоцияның қараңғы иірімдерінен жарыққа шығу жолын көрерменге көркем әрі терең түрде көрсету.
Қойылым қатысушыларды эмоциялық күйзеліс, жоғалту және жалғыздық сезімдерін тануға, оңай жолдарға еру және шынайылықтан қашудың салдарын түсінуге, ішкі күйзеліс кезінде төнетін қауіпті жағдайлардан сақтануға, рухани және тұлғалық тұрақтылықты нығайту арқылы белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруға және қиын жағдайда көмек сұрай білу дағдыларын игеруге жетелейді.
Сонымен қатар, спектакль көрермендерді басты кейіпкердің басқа әлемге түсуі мен одан шығу жолы арқылы деструктивті ойлардан арылу, ішкі қайшылықтарды жеңу стратегиялары, үміт, ерік-жігер және адам санасының жарыққа ұмтылуы жөніндегі практикалық түйіндермен таныстырады.
Бұл қойылым студенттердің шығармашылық қабілетін, эмоционалды интеллектін дамытуға, психологиялық сауаттылығын арттыруға және көрерменге эмоционалдық қауіпсіздік пен өзін-өзі қорғау туралы маңызды идеяларды жеткізуге бағытталған.
