Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қытай Халық Республикасының Ляньюньган техникалық колледжімен халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған кездесу өтті. Іс-шара аясында тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге арналған меморандумға қол қойып, «Kazakhstan–Zhen He Chemical Engineering College» бірлескен халықаралық білім жобасы ресми түрде іске қосылды.
Шараға QyzPU тарапынан Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Сәбит Суатай, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева, Жаратылыстану институтының директоры Гаухар Байташева, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты директоры Бахытжан Сапаров, Стратегиялық даму департаментінің директоры Нұрболат Құдайбергенов қатысты.
Қытай Халық Республикасы тарапынан ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері – Білім саласы бойынша консул Хуан Сяоминь және консулдың орынбасары Хуан Лэй қатысты. Lianyungang Technical College делегациясы тарапынан Вице-президент, профессор Wang Jianming, кәсіби пәндер оқытушылары доктор Xu Yan мен доктор Yang Xia, ICCM аймақтық директордың орынбасарлары Mr. Benjamin Leong, Mr. Nasriddin Asliddin қатысты. Сонымен қатар іс-шараға China Certification & Inspection Group Central Asia Co., Ltd ұйымының Бас менеджері Xu Wenxian да арнайы келді.
QyzPU Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаеваның айтуынша, аталған жоба ғылыми-техникалық білім алмасуды дамытуға және студенттердің халықаралық академиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды бастама.
«Бұл бағдарлама «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асып отыр. Нәтижесінде біздің студенттер қытай тілін меңгеріп қана қоймай, химиялық инженерия бойынша білікті маман болып шығады. Олар университетіміздің дипломымен қатар қытай серіктес оқу орнының да дипломын алады. Білім, ғылым және өнеркәсіп тоғысқан бұл бастаманың мақсаты – студенттердің тілдік және кәсіби дағдыларын халықаралық деңгейде жетілдіріп, отандық әрі шетелдік еңбек нарығына сай мамандар даярлау», – деді ол.
Биыл бірлескен 2+1+1 «Қытай тілі + химиялық инженерия» бағдарламасы бойынша QyzPU-дың 37 студенті білім алуды бастады. Тараптар химиялық инженерия, қолданбалы ғылымдар, тілдік даярлық және халықаралық академиялық алмасулар бағытындағы бірлескен жобаларды одан әрі кеңейтуге дайын екендіктерін атап өтті.
«Болашақта университеттер бойынша студенттер мен оқытушылар арасында академиялық алмасу бағдарламасы, химия инженерия саласында бірлескен ғылыми зерттеу жобалары, жазғы мектептер, қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылуы мүмкін. Сонымен қатар медициналық биология бағытында дәрі-дәрмек өндіру және зерттеу жұмыстарымен айналысуды қарастырып жатырмыз», – деді Вице-президент Mr. Wang Jianming.
Бағдарлама мазмұны мен оқу үдерісінің ерекшеліктері туралы кәсіби пәндер оқытушысы Ms. Xu Yan пікір білдірді:
«Бұл бағдарлама аясында студенттер химиялық инженерияның негізгі ұғымдары мен технологияларын меңгереді. Оқыту процесінде өндірістік жағдайларға негізделген практикалық тапсырмалар, нақты зауыттардан алынған кейстік материалдар қолданылады. Топтық жобалар мен өндірістік модельдермен жұмыс арқылы студенттер теорияны тәжірибемен ұштастырады», – деді ол.
