Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясы арасындағы 2023 жылдың 17 сәуірінде қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандум аясында 2025 жылғы 8–13 желтоқсан аралығында Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Хореография және арт-менеджмент кафедрасында Өзбекстаннан келген оқытушылар қысқа мерзімді тәжірибеден өтті.
Қонақ ретінде университетке Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының Хореографиялық ұжымдарды басқару кафедрасының доценттері – Саитова Эркин және Абдулхакимова Дурдана келді. Кәсіби мамандар тәжірибе алмасы аясында 11 желтоқсан күні «Өзбек халық биінің ерекшеліктері» атты мазмұнды мастер-класс ұйымдастырды.
Шеберлік сабақ барысында оқытушылар өзбек халық биінің орындаушылық мәнерін, қимыл пластикасын, сахналық нақыштары мен стильдік ерекшеліктерін таныстырып, студенттерге практикалық бағыттағы жаттығулар жүргізді.
Іс-шара хореография саласындағы екі оқу орны арасындағы шығармашылық және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп, білім алушылардың мәдени-көркемдік көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік берді. Университет студенттері үшін бұл дәрістер ұлттық би мәдениетінің түрлі қырларын тереңірек тануға жол ашты.
