2025 жылғы 12 желтоқсанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының бірлесе ұйымдастыруымен Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған II Халықаралық жас ғалымдар конгресі аясында «Жаратылыстану ғылымдары» ғылым бағыты бойынша «Елдің зияткерлік әлеуеті» секциясы өтті.
Шараның негізгі мақсаты – Қазақстанның және әлемнің жас ғалымдары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту және олардың зерттеу нәтижелерін талқылау үшін тиімді алаң құру. Конгреске 20-ға жуық спикер, оның ішінде Армения, Қытай және Түркия елдерінен келген 10 шетелдік ғалым қатысты.
Шараның ашылуында QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова сөз сөйлеп, конгресс жұмысына сәттілік тіледі.
«Бұл Конгресс – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, жаңа идеялар мен зерттеу бағыттарының қалыптасуына жол ашады. Қазіргі жаһандық өзгерістер мен технологиялық үдерістер үдей түскен заманда ғылым елдің экономикалық дамуын, білім сапасын және инновациялық әлеуетін арттыратын негізгі тетікке айналды. Сондықтан жас зерттеушілердің ізденісі, жаңашыл ойы мен батыл көзқарастары – Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы өсіп-өркендеуінің басты кепілі», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Панельдік Сессиялар «Жаратылыстану: наноматериалдар және жасыл энергетика» және «Зерделі шешімдер: инновация, тұрақтылық және математикалық модельдеу» тақырыптарында өтті. Еліміздің және шет мемлекеттердің жас зерттеушілері өз ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызды нәтижелерімен бөлісті.
QyzPU профессоры, химия ғылымдарының докторы Мұхаметқали Матаев өз сөзінде қазіргі ғылыми ортада халықаралық серіктестіктің, зертханалық тәжірибе алмасудың және инновациялық жобаларды ілгерілетудің маңызын атап өтті.
«Қазір жас ғалымдарға үлкен мүмкіндіктер беріліп жатыр. Қаржылай жобалар, халықаралық деңгейдегі тағылымдамалар, “500 ғалым” бағдарламасы – мұның бәрі жас зерттеушілерді ғылымға тартуға ықпал етеді. Ғалымдар халықаралық деңгейдегі зертханаларда жұмыс істеп, өз тәжірибелерін арттыруда. Бүгінде елімізге инновациялық, жаңашыл жобалар қажет. Бүгінгі конгресте осы жобалар басым бағыттар бойынша айқындалуы керек. Ғалымдарымыз шетелдік әріптестерімен коллаборация арқылы өз әлеуетін арттырады. Бұл – өте маңызды»,– деді профессор.
Конгресс инновациялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беріп, пәнаралық байланыстардың нығаюына жол ашады. Ғалымдар арасындағы өзара ынтымақтастық жаңа зерттеулердің жүргізілуіне және маңызды ғылыми нәтижелердің пайда болуына ықпал етеді.
Химия ғылымдарының кандидаты, PhD, ҚР ҰҒА ЖҒК Президиум мүшесі Нұрғали Ақылбековтің айтуынша, нанотехнология – болашақта зор мүмкіндіктерге жол ашатын, маңызы жоғары сала.
«Қазір ғылымда үлкен өзгерістер болып жатыр. Химия мен физикада, жалпы барлық бағыттарда кең қолданылатын нанотехнология саласы қарқынды дамуда. Бұл бағыт болашақта өте жоғары деңгейге көтерілетін бағыт деп айтуға болады. Отандық және шетелдік ғалымдарды бір арнаға тоғыстырып, бірнеше бағыт бойынша пікір алмасу жүргізілуде. Бұл пәнаралық байланыстың нығаюына үлкен ықпал етеді», – деді ол.
