Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Visiting Scholar бағдарламасы аясында келген шетелдік ғалымдармен кездесу өтті.

Бір айға созылған академиялық сапар халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге және ортақ академиялық бастамаларды дамытуға бағытталды.

Бағдарлама шеңберінде Түркия мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар университеттің профессор-оқытушылар құрамымен және білім алушыларымен бірлесіп ғылыми жобалар жүргізді. Сондай-ақ халықаралық ғылыми мақалалар дайындап, ашық дәрістер мен семинарлар өткізді.

Академиялық сапар қорытындысына арналған кездесуге университет тарапынан Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова, Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Еркын Жуманкулова, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева, Филология институтының директоры Айгүл Сатбекова, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры Бақытжан Сапаров, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің аға менеджері Айдана Нұртаза қатысты.

Visiting Scholar бағдарламасы бойынша университетке Анадолу университетінің профессоры Абдулкадир Ердоған, Ғази университетінен Халил Токчан, Селчук университетінен Чагатай Бенхур мен Неджми Ұянык, Невшехир Хаджі Бекташ Вели университетінен Ердоған Чичек, Кыршехир Ахи Эвран университетінен Осман Қабадайы, Чжэцзян университетінен Рустам Шадиев, сондай-ақ Ланьчжоу университетінен Луо Янъянь мен Гэнг Леле келді.

Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми жарияланымдарды аяқтау, академиялық ұтқырлықты жалғастыру және ұзақмерзімді серіктестікті дамыту мәселелері бойынша келісімге келді.

Аталған Visiting Scholar бағдарламасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін арттыруға және әлемдік академиялық қауымдастықпен ықпалдастығын нығайтуға елеулі үлес қосты.