2024 жылғы 17 желтоқсанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология институты, Шетел тілдерін оқыту әдістемесі және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен Kırşehir Ahi Evran университетінің Түрік тілі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Осман Қабадайы өткізген дәрістер мен семинарлар циклінің қорытынды семинары өтті.

Қорытынды семинар «Маңызды индекстерде ғылыми мақалаларды жариялау кезінде ескерілетін мәселелер» тақырыбына арналды. Аталған іс-шара профессордың 2025 жылғы 19 қараша мен 19 желтоқсан аралығында QyzPU-да өткізген дәрістері мен семинарларының соңғысы болды.

Академиялық сапар барысында Осман Қабадайы Шетел тілдерін оқыту әдістемесі және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының жұмысына белсенді қатысып, жоғары кәсіби біліктілігін көрсетті. Профессор  «Шет тілдері (IP)» білім беру бағдарламасының студенттері үшін екінші шет тілінен практикалық сабақтар өткізіп, тілдік ортада жұмыс істеу тәжірибесін ұсынды. Семинарлар мен практикалық сабақтар интерактивті форматта өтіп, заманауи оқыту әдістемелері қолданылды. Нәтижесінде студенттер теориялық білімдерін тереңдетіп, практикалық дағдыларын жетілдірді.

Қорытынды семинарға Филология институтының директоры Айгүл Сатбекова, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Іс-шара барысында халықаралық ғылыми дерекқорларда (Scopus, Web of Science және т.б.) мақалалар жариялау талаптары, академиялық адалдық қағидаттары, ғылыми журналдарды таңдау критерийлері және авторлар жиі жіберетін қателіктер жан-жақты талқыланды.

Өз сөзінде Осман Қабадайы халықаралық индекстелетін журналдарда мақала жариялау үшін зерттеудің сапасы мен өзектілігі, ғылыми жаңалығы, қолданылған әдістер және академиялық стильдің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол ғылыми мақалаларды ана тілінде дамыту қажеттігін айтты.

 «Халықаралық индекстелетін журналдарда мақала жариялау үшін ғылыми жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы тиіс. Оның өзектілігі мен ерекшелігі, қолданылған әдістері нақты көрсетілуі керек. Қазіргі таңда ағылшын тілі академиялық ортада кеңінен қолданылып келеді, алайда өз тілімізде де ғылыми мақалалар жазуды дамыту маңызды. Студенттердің белсенділігі мен қызығушылығы қуантты. Алдағы уақытта университеттер арасында академиялық алмасулар жалғасады деп сенемін. Әріптестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз», – деді профессор.

Семинарға қатысқан «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Ұлдамет Аженова іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі семинар ғылыми мақала жазудағы дағдыларымды дамытуға үлкен үлес қосты. Халықаралық деңгейдегі тәжірибемен танысуға мүмкіндік алдым. Мұндай іс-шаралар магистранттар үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін», – деді ол.

Ал аталған білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Шырын Дауренқызы семинардың ғылыми ойлау мен академиялық жазу қабілетін арттыруға ықпал еткенін жеткізді.

 «Сапалы ғылыми мақала жазу үшін зерттеу сұрағы, мәселесі, өзектілігі мен әдістері нақты айқындалуы тиіс. Профессор өз тәжірибесімен бөлісіп, құнды кеңестер берді. Университет пен профессорға сапалы білім үшін алғысымды білдіремін», – деді магистрант.