2026 жылғы 15 қаңтар күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде университет қызметкерлері мен білім алушыларына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қонақ дәрісі өтті.

Іс-шара университеттің комплаенс қызметі мен Жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен «Адал азамат» концепциясы аясында өткізілді. Дәрістің  негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың салдарын болдырмау.

Шараның ашылу салтанатында Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру – заң тұрғысынан ғана емес, әрбір азаматтың ішкі ұстанымынан басталатын құндылық. Жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, әділдік пен адалдықты күнделікті өмірде ұстану – қоғамның дамуына, елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бүгінде әрбір мемлекеттік секторда комплаенс қызметтерінің құрылуы – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты әрі батыл қадам деп білеміз», – деді ректор.

Кездесудің құрметті қонағы әрі спикері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев болды.

Өз сөзінде Алик Жатқамбайұлы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының стратегиялық бағыттарына тоқталып, қатысушыларға өз құқықтары мен міндеттерін түсіну, құқық бұзушылықтың, қылмыстық жауапкершіліктің және алаяқтықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңінен ақпарат берді.

«Жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін үлкен қасіреттің бірі. Онымен барлық азамат күресуі тиіс. Жемқорлық бар жерде, болашақ жоқ. Бұның барлығы түптеп келгенде әрбіріміздің санадағы таңдауымыз. Заң үстемдігі сақталған қоғамда әділдік орнайды, ал әділдік бар жерде дамудың даңғыл жолы ашылады», - деді спикер.

Сондай-ақ менеджмент жүйелері бойынша халықаралық аудитор, ISO сертификаттау жөніндегі халықаралық орган TQCSI мен Medeo Consulting Консультациялық орталығының негізін қалаушы
Гүлжан  Турдалиева сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және халықаралық тәжірибе жөнінде ақпарат берді.

Сонымен қатар, «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» сияқты мемлекеттік маңызы бар бастамаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.