Қаңтар айының 15 жұлдызында Мектепке дейінгі білім беру кафедрасының оқытушылары педагогтерге арналған «Болашақ педагогтардың ғылыми-зерттеу жұмысын AI көмегімен ұйымдастыру» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру, педагогтердің зерттеу жүргізу дағдыларын жетілдіру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру мен ғылым саласында тиімді қолдану жолдарын көрсету болды.

Семинар барысында қатысушыларға ғылыми мақала жазудың негізгі кезеңдері мен әдістемелік талаптары жан-жақты таныстырылды. Атап айтқанда, зерттеу тақырыбын негіздеу, мақсат пен міндеттерді айқындау, ғылыми әдебиеттерді талдау, алынған нәтижелерді жүйелеу және ғылыми мақаланы академиялық стандарттарға сәйкес рәсімдеу жолдары түсіндірілді.

Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, оларды қолдану кезінде академиялық адалдық қағидаларын сақтау, дереккөздермен жұмыс істеу және авторлық жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған семинар педагогтердің ғылыми әлеуетін арттыруға, зерттеу мәдениетін қалыптастыруға және заманауи цифрлық технологияларды ғылыми жұмысқа енгізуге бағытталған маңызды алаңға айналды.