Педагогика және психология институты Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасында «Білім беру зерттеулеріндегі Lesson Study: сапалық деректерді талдау мәселелері» тақырыбында ғылыми семинар өтті.

Ғылыми семинардың мақсаты – «Lesson Study» бітіру жобасы жұмыстарын жазу әдістемесін меңгерту, жас ғалымдар мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру.

Семинарға «Lesson Study» бітіру жобаларының ғылыми жетекшілері, жас оқытушылар және бітіруші курс студенттері қатысты. Семинарды Педагогика және психология институтының директоры Оразаева Гульжан Сериковна алғы сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Семинар жұмысын Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының бағдарлама көшбасшысы Нурбекова Салтанат Молотовна модератор ретінде жүргізді. «Сапалық зерттеулердің білім берудегі орны мен маңызы» тақырыбында Набуова Роза Абдрахмановна мазмұнды баяндама жасап, білім беру зерттеулеріндегі сапалық әдістердің маңыздылығы мен ерекшеліктеріне тоқталды.

Семинар барысында білім беру зерттеулеріндегі Lesson Study аясында қолданылатын сапалық деректердің түрлері мен әдістері, деректерді жинау үдерісін жоспарлау, зерттеу этикасы, сондай-ақ деректерді жинау барысында кездесетін қиындықтар мен шектеулер кеңінен талқыланды.

Аталған мәселелер бойынша кафедра оқытушылары Г.И. Салгараева, А.Н. Сейдуалиева, Л.Б. Иманкулова, М.А. Данабаева, Н.Н. Шаханова баяндамалар жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар соңында пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Өткізілген ғылыми семинар Lesson Study зерттеу жобасын жаңадан бастаған оқытушылар мен студенттер үшін пайдалы әрі тағылымы мол іс-шара болды.